1 Қазан 09:14
...

«Дикий Арман» түркі жастарының лидері болғысы келе ме? 

Фото:

«Дикий Арманға» халықаралық қауымдастық назар аудара бастады. Қапқаздағы Исламды зерттеу орталығының директоры, белгілі саясаттанушы Шота Апхаидзе Арман Жұмагелдиев және оның «достары» жайлы көлемді зерттеу жариялады. 

Апхаидзе «Тұран қылмыскерлері» жобасы ешқандай да аңыз емес, оның басшыларының бірі Арман Жұмагелдиев екенін жарияға жар салды. «Тұран қылмыскерлері» әлемдік қауымдастыққа қауіп тудырып тұр деп дабыл қаққан Шота НЕГЕ «Дикий Арманға» ерекше шүйлікті?

Арман ешкімнен ешнәрсені жасырмай әлеуметтік желіге сирек суреттер жариялап отырады. Олардың қатарында түріктің «бас мафиозы» Седат Пекер, әзірбайжандық марқұм Лоту Гули мен бір кездері Түркия саясатына дүмпу әкелген «көк бөрі» ұйымының мүшесі болған Алаатдин Чакыджимен түскен суреттер мақалаға негіз болса керек.

Айтпақшы, осы күнгі Арман Жұмагелдиевке тән көк бөрінің ишараты бір кездері Алааттин Чакыджи құрамында болған  ұйымның ресми белгісі еді.

Фото: видеодан скриншот. 

Мақала авторы Седат Пекерді «Тұран қылмыскерлері» ұйымының басы десе, қазақ Арман Жұмагелдиевті «Седат Пекердің оң қолы, ұйымның күштік қанатының жетекшісі» деп мәлімдеп отыр. 

Пекердің өзі әлеуметтік желіде Арманның суретін жариялап, «Біздің бауырлас Қазақ еліндегі жастардың көшбасшысы Арман Жұмагелдиев пен оның достары маған қонаққа келіп, иығыма сұлтандар ғана киетін шапан жапты» деп жазған еді. 

Мақала авторы үшін бұл тапсытмас дәлел болғандай.

«Арманның Надир Салифовпен болған байланысы да біраз саяси күштер үшін қатер болды. Оны өздері де растап, Түркияда дүмпу тудырмақ болған президенттің қас жауы, философ әрі исламтанушы Фетхуллах Гюлен мен  оның жақтастарына, Ердоғанның жеке жауларына соғыс жариялады», – деп жазды Апхаидзе. 

Арадан көп өтпей Жұмагелдиевтің: «Алла, президент Ердоғанға мықты денсаулық пен ұзақ өмір бер. Ол – біздің көшбасшымыз. Әзірбайжанға Таулы Қарабақта жеңіс сыйлай гөр. Барлық Түрікке жеңіс сыйла, Алла», – деп түркі елдерінің туы бейнеленген тортты кескенін Шота Апхаидзе тәптіштей баяндапты. 

Сонымен, Седат Пекер «Тұран қылмыскерлері» ұйымының басы екені айтылды. Бірақ, автор «Пекер Тұран даласындағы қылмыскерлерді біріктіруге күші де атағы да жетпеген соң жақтастар іздеп, Түркияның арнайы қызметі арқылы Лоту Гулиді түрмеден шығартып алды» деген болжам жасапты.

Ол ол ма, дәл осы ұйымның түбірін Түркияның арнайы қызметімен байланыстырғаны да бекер болмаса керек. Ал автордың ойынша, «Дикий Арман» – осы күні Тұран даласындағы атақты қылмыскерлердің бәрімен байланыс орнатқан стратег. Бірақ, ол ешуақытта өзін қылмыскермін демейді.

«Қазақта қылмыскерлер болмаған, тек батырлар туған», – деп Арман Жұмагелдиев ұлттық идеологияны әріден қозғайды.

Грузиндік саясаттанушы «Дикийдің» бұл сөзінен де астар іздейді. Не де болса, Арман Жұмагелдиевтың белсенді әрекеті қылмыс әлеміндегі біраз серкенің ұйқысын қашырғанға ұқсайды. Ал қазақ жастары үшін «Дикий Арман» кім? Аты аңызға айнала бастаған қылмыскер ме, әлде лидер ме?

Тегтер: