Балгер Кажетта Ахметжанова: Қазақстанда теңге ауысады news video

08 желтоқсан, 20:21

«Битва экстрасенсов» мистикалық шоуының 6-маусымында финалист болған әйгілі қазақстандық балгер Кажетта (Екатерина) Ахметжанова қазір Мәскеуде тұрады. Ол Алматыға келіп, Nege.kz порталына арнайы сұхбат берді.

– Жұрттың бәрін қызықтыратын сұрақ бар. Ол – коронавирус індетінің қашан кетініні жайында. Бұдан бұрын 2020 жылдың мамыр айында саябырсиды деген екенсіз. Қазір қандай болжамыңыз бар?

– Коронавирус негізі 1988-89 жылдары болған. Әлі есімде, ол кезде студент едім. Көп адам қайтыс болды. Бірақ оны «коронавирус» деп айтпады. 1997-98 жылы да болды. Бірақ ол кезде ақпарат құралында айтпады. Бірнеше жылдан кейін бұл ауру тағы келді.

Бір қызық айтайын. Осыдан 4 жыл бұрын үш-төрт экстрасенс АҚШ-тың Нью-Йорк қаласына бардық. Сонда дәу тас тұр екен. Сол таста: «Жер бетінде 7 млрд халық бар. Көбейіп кетті. Негізі 3 млрд халық тұруы керек. Азиаттықтар мен еуропалықтар азаюы тиіс» деп жазылған. Таң-тамаша болдым. Сол кезде бір экстрасенс досым: «Катя, жер бетінде бір үлкен соғыс болады» деді. «Оны қайдан шығардың?» деп едім, «Мұнда әлемде тек 3 млрд халық тұруы керек. Азия әлемін құрту керек» деп жазыпты. Демек, бір соғыс болады» деді. Міне, соған келдік.

Білесіз бе, қазір әлемде биологиялық соғыс жүріп жатыр. Бұл кеткен соң, тағы бір вирус шығады. Адамдар арасында іріктеу жүреді. 5 жыл ішінде мықтылары қалады, әлсіздері кетеді.

Бұл – оңай вирус емес. Жер беті 5 жыл бойы «тазаланады». Қазір әйтеуір ақпарат құралдарынан айтып тұратыны жақсы. Бір вирус кетіп, екіншісі келеді, одан кейін менингит сияқты вирус келе жатыр. Адамдар көтеріліп, жындануға дейін барады. Адам 10 күн ауырып, үш күн бойы қызуы көтеріледі. Дағдарыс та үш жыл болады. 1990 жылдары дағдарыстан 7 жылдан кейін шыға бастадық. Коронавирус індеті дағдарысынан да шығуға сонша жыл кетеді. Себебі, экономикалық қиындыққа тап болдық. Электронды ақша, вируталды ақша ұстап, біреуіміз байып, енді біріміз кедейленіп жатырмыз. Қазір аспан аударылып жерге түсті. Жер де солай. Байлар кедей, кедейлер байып кетуі мүмкін.

– Қазір жұрт бақсы-балгерлерді жағалап кетті. Бұл дінге қайшы емес пе?

– Молдалар «күнә» дейді. Егер қасиет қонған шынайы балгер болса, неге бармасқа?! Көп адамдарға «Биыл  үйіңді сатпа, ақшаңды жоғалтып, қиналып қаласың» деп айтамын. Ал біреулер ақша үшін бал ашады. Ондайлар көп. Сол үшін «балгерлерге жоламаңдар!» дейтінді жиі естимін.

Бұрынғы қазақтар туралы зерттеп жүрмін. Бізде өзбектердегідей дәруіштер болған екен. Олар бал ашумен айналысқан. Домбыра, қобыз тартып отырып айтқан. Таспен, құмалақпен сөйлейтін. Ол кезде білімі жоқ болғанмен, жай адам балгер бола алмайды. 15 минутта алдыңдағы адамның психологиясын өзгертіп, миын тазалау үшін білім керек. Бақсылар отпен аластап, су шашып адамның жаман энергиясын алып тастайтын. Ертеде бақсылардың Ақ әулие, Сары әулие, Қара әулие деген иесі болды. Қара әулие адамның қара ниетін шығарады, Ақ әулие – ақ батасын береді, Сары әулие – жанын емдейді.

– Бір сұхбатыңызда Ресейдің рублі туралы пікір білдіріпсіз. Теңгенің жайы қалай болады?

– Қазақстанның ақшасы ауысады. Ақшаның иесі кетіп тұр. Демек, ауысады. Бір күнде ауысып кетуі мүмкін. Бірақ Қазақстанның дәулеті кеткен жоқ. Ортақ валюта деген әңгіме шынға айналады. Бұған халық дайын емес әлі.

Есіңізде ме, алғаш ұялы телефон шыққанда бірен-саран адамда ғана болды. Сосын бірден бәріміз ұстап кеттік. Алдағы уақытта электронды ақша шығады. Қазақстанда зауыттар көп салынады. Еліміз Сингапур сияқты дұрыс бағытта өседі, дамиды. Сондықтан жастар ағылшын тілін меңгеруі керек. Қашан да күлімдеп жүру керек. Күліп жүрген адамның алдынан жүз есік ашылады.

– Қазақ әсіредіншіл болып бара жатқан жоқ па?

 Бұрын біз «Алла» демейтінбіз, «Құдай» дейтінбіз. Аталарым «Көк тәңірім» деп сыйынатын. Қазақ – еркін жүрген халық. Дінге тәуелді болған емес. Қазір көп қыздар намаз оқып, қап-қара киініп алады. Бұрын ата-бабамыз «Қара кисең, қара басады» дейтін. Бұл бізге жараспайды. Міне, сол ұнамайды. Біздің өсіп келе жатқан жастар талантты. Бірақ біз түп тамырымыздан айрылып барамыз. Мұны көру жанымды ауыртады.

– Бүгінгі қазақ халқы қай бағытқа бет алуы керек?

 Қазақ – еркін халық. Жел сияқты еркін болуы керек. Дінге сендіріп, байлап ұстауға болмайды. Біз орыстар сияқты шаруашылық санамен өмір сүрген жоқпыз. Олар 500 жыл бойы солай өмір сүрді. Біз ешқашан біреудің, діннің құлы болған емеспіз. Кез келген қазақта әулиелік қасиет бар. Сол намысты жоғалтуға болмайды. Жастар өте талантты. Ағылшынша жақсы біледі. Ресейде қазақтарды «Өте талантты, мықты ұлт» деп таниды. Қазақ балаларында ілім, білім іздеуге деген ерекше қасиет, құштарлық бар. Қазіргі заманда ең қымбат дүние – білім. Білім алуға ешқашан кеш емес.

(Жалғасы бар)