1 Наурыз 14:40
...

Верный шыңы: Альпинистер жайлы деректі фильм шықты

Фото:
Кеше

Сәтпаев университетінде «Верный шыңы» атты деректі фильмнің көрсетілімі өтті. Қазақстан құрама командасының құзар шыңдардан түсірген фильмі көрермендерді қорқыныш пен үрейге жетелегені анық.

Халықаралық спорттық альпинизм федерациясы (ISMA) ұйымдастырған 2022 жылғы әлем чемпионатының қорытындысы бойынша, альпинистік биіктіктегі техникалық көтерілу класында бұл Қазақстан ұлттық құрама командасы республикамыз тәуелсіздігін алғалы бері алғаш рет бірінші орынды иеленген.

Максим Валентиновичтің жетекшілігімен жасақталған топқа Роман Шестернин, Леонид Крупа, Закиржан Абдураимов және Станислав Лайнопуло қатысқан. Ал Команда жаттықтырушылары белгілі спорт шеберлері – Артем Скопин мен Вячеслав Титов.

«Біз жетінші күні алғаш рет платформасыз шыңға шықтық. Қос бүйірден соққан қатты жел мен аязға қарамастан, мен өзімді жақсы сезіндім», – деді альпинист Леонид Крупа.

Верный шыңына шығуға бет алған команда солтүстік-батыс қабырға бойымен 6Б қиындық санаты бойынша 5250 метрге  көтерілген. Барлық бағыттың  ұзындығы – 1670 м, ал трассаның биіктік айырмашылығы – 910 метр.

Көрсетілім алдында аталған спорт шеберлері БАҚ өкілдерімен дөңгелек үстел басында кездесіп, биіктікте алған әсерлерімен бөлісе отырып, қойылған сауалдарға жауап берді. Жиналған қауым жиын барысында Сәтпаев университетінің түлегі, белгілі альпинист, ғылым кандидаты, КСРО-ның еңбек сіңірген спорт шебері Қазбек Валиев және  Мақсұт Жұмаевпен кездесуге мүмкіндік алып, елімізде  альпинизмді қалыптастыру және дамыту мәселелерін талқылап, ойларын ортаға салды.  

Көрермен назарына ұсынылған деректі фильмде көкке өрмелеген жігіттердің әр күнді қалт жібермей, таспаға алып отырғаны аңғарылады.

Шілденің шіліңгір ыстығында жол бастаған олар тау аңғарында қарды да, мұзды да, дүлей соққан дауылды да еңсереді. Тас қараңғыда құзға құрсауланған қуықтай палатканы паналап, шат қимыл жасаса, өмірі қыл үстінде тұрған олардың бар ғұмыры арқанға байланғандай көрінеді. Бірақ оларды алға жетелеген бір ғана арман, ол – қайтсем жетем. Осындай мақсатқа жұмылған ержүрек жігіттер Верный шыңына шығады.

«Жоғарыға өрмелегенде тек жақпар тастар мен көк аспанды ғана көретіндіктен, алды-артыңа қарамай жүйткігің келеді. Сондықтан қорқыныштың көкесі тек төменге ылдилағанда болды. Өйткені қаланың өзі алақандағыдай көрінетін биіктікте шалт басуға болмайды», –дейді альпинистер.

Көрсетілім соңында альпинистерді ҚР альпинизм және құзға шығу федерациясы атынан Қазбек Валиев арнайы төсбелгімен наградтап, алда шығар шыңдары бұдан да биік болуын тіледі.

Тегтер: