Варламов суретке түсіре алмаған орталық сенімгерлік басқаруға беріледі
Аталған орталыққа мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы барып, өз бағасын берген болатын.
Алматы, NEGE. 2020 жылы ашылған «Сапар» орталығының сатылатыны e-auction.gosreestr.kz сайтында жарияланды.
Айтпақшы бүгін ресейлік қоғам қайраткері, журналист және видеоблогер Илья Варламов «Сапар» орталағында болып, нысанның әдемілігіне қайран қалды. Алайда нысанды күзетіп тұрған азамат оған орталықты суретке түсіруге тыйым салған екен.
«Біз бір жерге келдік. Мына жер өте әдемі екен. Бір қызығы мұнда адам көрінбейді. Тек қана күзетші ғана бар» деген ол күзетшінің суретке түсіруге тыйым салғанын айтты. Сондай-ақ ол «Егер адамдар бұл жерді суретке түсіре алмаса, не үшін салынды?» деп оқырмандарына сұрақ қояды. Міне осы сыннан кейін облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов Илья Варламовпен хабарласып, қонақ етіп күткене кен.
Енді міне ресейлік видеоблогер суретке түсіре алмай кеткен орталық сенімгерлік басқаруға берілейін деп жатыр. Сапар орталығын сенімгерлік басқаруға алудың бастапқы бағасы 22 663 800 теңге деп бағаланған.
1. Сенімгерлік басқару мерзімі 10 жыл;
2. Ғимаратты мақсатты пайдалану (Туристерге қызмет көрсету);
3. Нысанды Қазақстан Республикасының барлық құрылыс, өрт қауіпсіздігі, санитарлық, экологиялық нормаларына келтіру және объектінің сақталуын қамтамасыз ету;
4. Объектіні сенімгерлік басқарушының қаражаты есебінен қажетті инфрақұрылыммен (электр, су жабдықтары, кәріз, жылу жабдықтары желілері) қамтамасыз ету;
5. Түркістан қаласының тұрғындарын тарта отырып, еңбекті қорғау жөніндегі нормаларды сақтай отырып, жаңа жұмыс орындарын құру;
6. Объектіні кепілдікке бермеу, үшінші тұлғалардың құқықтарымен ауыртпалық салмау және сенімгерлік басқару мерзімі ішінде үшінші тұлғаларға сатуға қоймау;
7. Ғимарат орналасқан елдімекен халқының ұсыныс пікірлері мен өтініштерін Қазақстан Республикасының заңнамаларына қайшы келмейтін жағдайда жұмыс жүргізу;
8. Коммуналдық қызметтер бойынша барлық міндеттемелерді орындау;
9. Құрылтайшы атынан әрекет ететін қалалық экономика және қаржы бөлімі мемлекеттік мекемесіне тоқсан сайын есепті тоқсаннан кейінгі айдың бесінші жұлдызына дейінгі мерзімде өз қызметі туралы жазбаша түрде есеп беру;
10. Объектінің сақталуын қамтамасыз ету;
11. Туристерге қызмет көрсету бойынша Қазақстан Республикасы заңнамасының (Санитарлық ережелер, Мемлекеттік стандарт, қызметтің үлгілік ережелері және т.б.) талаптарын сақтау;
12. Сенімгерлік басқарушы ұйымның мүлкін сақталуын қамтамасыз ету, сақталмаған жағдайда сенімгерлік басқаруға алған жағдайдағы мемлекеттік мүлікті техногендік жағдайлар мен төтенше жағдай салдарларына қарамай, қалпына келтіруге;
13. Сенімгерлік басқару кезеңінде жоғарыдағы көрсетілген шарттар орындалмаған жағдайда келісімшарт Құрылтайшы тарапынан бір жақты бұзылатын болады. Сенімгерлік басқару мерзімінде ғимаратқа қатысты мәмілелер жасасуға және/немесе айқындалған іс-қимылдарға тыйым салынады;