Вакцина салдырған азаматтардан ПТР-тест неліктен талап етіледі?

2022 жылдың 17 қаңтарынан бастап Қазақстанға шетелден келетін жолаушылар да вакцинацияланғанына қарамастан коронавирустың жоғын растайтын ПТР анықтамасы болуы керек.
Анықтаманы пайдаланатын уақытында жарамды болуы маңызды. Анықтама жарамды болып саналуы үшін, ол биоматериал алынған күннен бастап Қазақстанның шекарасын өтуге дейінгі 72 сағат ішінде берілуі қажет. ПТР-анықтамасы тек қазақ, орыс немесе ағылшын тілінде берілген түпнұсқада ғана жарамды деп саналады.
Коронавирустың жоғын растайтын жарамды ПТР-анықтамасы жоқ Қазақстан Республикасы азаматтары мен қонақтары әуежайда бортқа кіргізілмейтіні де ережеде айтылған.
Сонымен, шет елдерге шыққанда ПТР-тест міндетті түрде талап етіледі. ПТР-тестсіз елге кіргізілмейтінін де жоғарыда тілге тиек еттік. Сонда вакцинаны не себепті салдырып жатырмыз?
Nege.kz порталының тілшісі жолдаған сауалға Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында ҚР ДСМ дәрілік саясат Департаментінің директоры Бауыржан Жүсіпов жауап берді.
Ол қойылған сауалды теріске шығарды. Айтуынша, ПТР-тестсіз де елге кіруге болады екен. Алайда ол 2022 жылдың 17 қаңтарынан бастап осындай ереже бекітілгенін білмесе керек.
«Шетелден келген азаматтарды вакцинасы болса, ПТР-тестсіз де қабылдаймыз. Ал, біздің азаматтарымыз шетелге баратын болса, ол жақтағылар міндетті түрде ПТР нәтижесін сұрайды. Ол, әрине, әр елдің заңнамасына сәйкес жүргізіледі. Қазіргі таңда бізде 20 шақты елмен арнайы келісімшарт жасалған. Сол бойынша бізден вакцинадан өткен азаматтар, сол елге ПТР-тестсіз кіріп жүруіне рұқсаты бар. Кейбір елдер бұл мәселені қатаң бақылауда. Ол бойынша Денсаулық сақтау министрлігі Сыртқы істер министрлігімен жалпы жұмыс жүргізіп жатыр. Біздің елден вакцина алған болса, ПТР-тестсіз кіріп жүруге болады», – деді Бауыржан Жүсіпов.
Ведомства өкілі Вакцинаның негізгі мақсаты ол еместігін де түсіндіріп өтті.
«Жалпы мәселеге келетін болсақ, вакцинацияның негізгі мақсаты бұл емес. Ол қандай да бір елге бару үшін салынбайды. Вакцинация – біз үшін жалпы коллективті иммунитетті қалыптастыру және короновирустық инфекцияның алдын алуға бағытталған. Оның ең басты мақсаты – ел азаматтарының денсаулығын жақсарту», - деп пысықтап түсіндірді.
Бүгінгі ақпаратқа сәйкес, екінші компонентті алғаннан кейін 6 ай өтпесе, ревакцинация немесе COVID-19-ға қарсы вакцинациялаудың толық курсын алған, елге келетін Қазақстан азаматтары үшін міндетті ПТР-тестілеу тоқтатылды. 2022 жылдың 17 қаңтарынан бастап енгізілген ереже күшін жойды.