V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне мемлекеттік наградалар табыс етілді
ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов елордадағы Бейбітшілік және келісім сарайында V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін, жаттықтырушыларды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан Құрмет грамотасы, ҚР Президентінің Алғысы, ҚР Президентінің Алғыс хаты және Ерен еңбегі үшін медалімен марапаттады.
Алматы, NEGE. Іс-шара барысында Ербол Мырзабосынов жиынға қатысушыларды байрақты бәсекенің сәтті аяқталуымен құттықтап, көшпенділер додасы жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтті.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық спортты дамытуға әркез қолдау көрсетіп, оның маңыздылығын үнемі айрықша атап өтеді. Көшпенділер ойындарының ашылу салтанатында «Ұлы дала дүбірі» – еліміз үшін тарихи оқиға, ұлттық спорт түрлерінен өтетін әлемдегі ең ірі дода, Көшпенділер олимпиадасы» деп бағалады. V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары арқылы көшпелі мәдениеттің бесігі қазақ жерінен басталатынын тағы бір мәрте төрткүл дүниеге паш еттік. Ата-бабамыздан мұра болып қалған төл өнерімізді дәріптеп, дамытудың жарқын үлгісін көрсеттік. Осы орайда іс-шараның өтуіне атсалысқан барлық спортшылар мен жаттықтырушылардың қажырлы еңбегін жоғары бағалап, алғысымды айтамын. Өздеріңіздей ұлтын сүйетін нағыз отаншыл азаматтар барда еліміздің болашағы жарқын боларына кәміл сенемін», – деді Туризм және спорт министрі.
8-13 қыркүйек күндері елордада ұйымдастырылған V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына әлемнің 90-ға жуық мемлекетінен 2500-ге тарта спортшы қатысып, 97 медаль жиынтығын сарапқа салды.
Айтулы аламанда Қазақстан ұлттық құрамасының спортшылары 43 алтын, 32 күміс, 37 қола (жалпы 112 медаль) жүлде олжалап, жалпыкомандалық есепте бірінші орынға ие болды. Ойындарда жалпы саны 33 елдің спортшысы жүлдегерлер қатарынан көрінді.