13 Наурыз 16:38
...

«Ұзынағашта жер АЙЫРЫЛЫП жатыр…» Елді дүрліктірген ДАҚПЫРТҚА сейсмологтар жауап берді

Фото:

Түркияда болған жойқын зілзаладан кейін де біраз елде жер сілкінді. Бұл сейсмикалық қаупі жоғары Алматы қаласы мен Алматы облысы тұрғындарының да мазасын қашырды. Әлеуметтік желіде тарап жатқан ақпараттарға алаңдаған жұрт мұның ақ-қарасын ажыратып беруді тілші қауымнан сұрап отыр.

Мәселен, WhatsApp желісінде тараған мына хабарлама талайдың түн ұйқысын қашырса керек. Тіпті, «Алматы облысы, Ұзынағаш қаласының маңында жер айрылып жатыр» деген ақпарат та желдей есіп жүр.

«Қайырлы күн көршілер! Сәтті күн болғай! Мен МЧС жұмыс жасаймын, қазір міне жиналыстан шықтым. Таң атпастан жиналыс жиналыс деп бәрімізді жинап, 3 сағат жиналыс өткізді. Құдай сақтасын енді, Құдай бетін ары қылсын бірақ біздің Алматы, Ұзынағаш, осы Алматы облысында жер сілкінісі қаупі бар екен. Және үлкен қауіп төндіруі мүмкін. Ұзынағашта белгілері пайда болып, бізді ескертіп, жұмысқа салып жатыр. Көршілер абай болыңыздар! Балаларыңызды ауылға жібересіздер ме, осы 1 айға ма, себебі наурыз айында қауіп көптігін ескертіп жатыр. Жаңалықтардан да айтылып жатыр, естіген, көрген болсаңыздар. Қауіпсіздіктеріңізді ойлаңыздар!» деген хабарлама желдей есіп жүр.

Фото: ғаламтордан.

Мұның мән-жайын анықтау үшін NEGE тілшісі Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметіне хабарласты.

«Біздің министрлікке қарайтын Сейсмология инстиутының мамандары өткен аптада сақтық шаралары туралы  арнайы брифинг өткізді. Осы мәселеге қатысты дақпырт пен қауесет кең тарап кеткен соң, мамандар алдын ала сақтануға қатысты пікірін айтып, нақты болжамын ұсынды. Алайда, бізде «Ұзынағашта жер айрылып жатыр» деген мәлімет жоқ. Және министрлік шұғыл жиналыс өткізу жайында ешкімге тапсырма бермеді», –  деп жауап берді баспасөз маманы.

Ал Алматы облысы Төтенше жағдай департаментінің баспасөз хатшысы Бақыт ИМАНҚҰЛОВТЫҢ айтуынша, Ұзынағашта жер айрылып жатыр ма, жоқ па, оған департамент жауап бермейді. «Мұны Сейсмология инстиуты білетін шығар. Қазір департамент, басқарма мамандары тәулік бойы кезекші боп, күшейтілген режимдегі жұмыс тәртібіне көшті. Бәрі де алдын алу, сақтық шарасы бойынша.

«Асыл арман» тұрғын үй кешені.

Әрине, жер сілкінісінің қай кезде болатынын болжау мүмкін емес. Десе де, «Сақтықта қорлық жоқ» демекші, тұрғындарды бұл жағдайға дайындауымыз керек. Арнайы бейнероликтер жасап, әлеуметтік желілерге салдық. «Жер сілкінісі болған кезде не істеу керек?» деген сауалға қатысты жаднамалар жасадық. Бұл тұрғыда үгіт-насихат жұмыстары үнемі жүргізіліп келеді», – дейді баспасөз хатшысы.

Алайда, ол соңғы кезде төтенше жағдай мамандарының басын қосып, жер дүмпуіне қатысты жұмыстың атқарылуы, орындалуы жөнінде шұғыл отырыстардың жиі өткізіліп жатқанын жасырған жоқ.

«Біздің мамандардың жұмысы – жер сілкінісі болу қаупін халыққа ескерту. 1 наурыз күні дүниежүзілік азаматтық қорғаныс күніне орай облыс бойынша сейсмикалық жаттығу өткіздік. Ал толық ауқымда Қарасай ауданына қарасты «Асыл арман» тұрғын үй кешенінде төрт үйдің тұрғындарымен бірге сейсмика жаттығуы ұйымдастырылды. Яғни, дабыл көтеріп, жер сілкінісі кезінде эвакуация қалай жасалады дегенді үйреттік. Біз мұны өткізетініміз туралы алдын ала хабардар еттік. Мұндай дайындықты мамандар жылда өткізіп тұрады. Бәлкім, осыны көргеннен кейін әлгіндей хабарламалар тарап жатқан шығар, ол жағын білмеймін», – деген түсініктеме берді Алматы облысы ТЖД баспасөз хатшысы.

Фото: Sputnik

Бұдан кейін Сейсмология институтына хабарласқан едік, баспасөз хатшысы Элмира СҰЛТАНБАЕВА бұл түйткілге қатысты бүгін бірнеше қоңырау түскенін айтты.

«Бұл туралы бірнеше журналист хабарласты. Бірақ басшылықтың жеке-жеке жауап беретін мүмкіндігі жоқ. Бір нәрсені қайталай бермейміз, өйткені 10 наурызда ғана баспасөз мәслихатын өткіздік деді. Сол ақпаратқа сүйенсеңіздер болады.

Мамандар жер сілкінісі болса да, 3-3,5 балдан аспайды, ешқандай қорқыныш жоқ екенін және жойқын зілзала болмайтынын айтты. Демек, әлеуметтік желіде тарап жатқан ақпараттың анық-қанығын білмей, жалған ақпараттың жетегіне ермеуді сұраймыз», – деп қысқа қайырды.

Айта кету керек, ТЖМ сейсмология институы мамандары кезектен тыс өткен брифингте алдын ала сақтық шаралары туралы айта келе, Алматыда 3-3,5 балдық жер сілкінісі болуы мүмкін екенін ескерткен.

Қазақстан Республикасының сейсмикалық қауіпті аймақтарына Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан облыстары жатады. Сондай-ақ, мамандар Солтүстік Тянь-Шань, Жетісу Алатауы, Тарбағатай және Алтай тау жоталары маңайы да ең сейсмикалық аймақ санатында екенін ескертеді. 

Тегтер: