23 Қаңтар 14:40
...

Үздік фильмдер тізіміне «Қазақфильмнің» туындысы енді

Фото:

Танымал «Variety» басылымында жарияланған соңғы онжылдықта түсірілген үздік фильмдер тізіміне «Қазақфильм» киностудиясы қатысуымен түсірілген «Жүгері аралы» фильмі кірді.

Алматы, NEGE. 2014 жылы Қазақстан, Грузия, Германия, Франция және Чехия елдерімен бірлесіп түсірген режиссер Георгий Овашвилидің «Жүгері аралы» көркем фильмі әлемге әйгілі «Variety» киножурналында соңғы онжылдықта АҚШ-та прокатқа шықпаған шетелдің үздік фильмдердің тізіміне кірді. Қазақстан тарапынан бұл фильмге Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы қолдау білдірген, ал фильмнің бастамашыл продюсері - Сайын Ғабдуллин. Басылымда жарық көрген «Көрсетілмеген інжу» мақаласының авторы Variety журналының бас киносыншысы Питер Дебрюг. Айта кетейік, беделді салалық басылымда жарияланатын аналитикалық мақалалар прокатпен айналысатын мамандарға және фестивальдер өкілдеріне үлкен экрандарға шығуға лайықты картиналарды іріктеуге көмектеседі.

Фильмнің сюжеттік желісі немересімен бірге жүгері өсіру үшін өзен жағасында орналасқан аралға арнайы көшіп келген қария шаруаның өмірін баяндайды. Картинада тіршіліктің қамы үшін еңбек етіп жүрген қарапайым адамдардың өмірі суреттеледі. Шаруаның рөлін түрік актері Ілияс Салман, ал оның немересін - осетиялық жас актриса Мариям Бутуришвили сомдаған.

Туындының тұсаукесері 2014 жылы Халықаралық Карловы Вары кинофестивалі аясында өткен болатын. Бұл байқауда кинотуынды бас жүлдеге және экуменикалық қазылар алқасының марапатына ие болды. Сонымен қатар «Жүгері аралы» фильмі Грузия елінен «Шетелдің үздік фильмі» номинациясы бойынша «Оскар» жүлдесіне ұсынылып, тіпті тоғыз үміткерден тұратын шорт-парақшасына кірген.

Тегтер: