«Утильсбордың» жыры: Брекешев Тоқаевтың тапсырмасының берекесін кетірді

Nege.kz тілшісі «Утильсборға жол жоқ» қоғамдық қозғалысының өкілі Нұраддин Садықовпен сөйлесіп, мән-жайды білді.
Белсендінің айтуынша, жұмыс тобының алғашқы отырысында бірқатар күмәнді сұрақтар туындаған. Мысалы әу баста отырыс сағат 11:00-ге жоспарланған көрінеді.
Н.Садықов.
«Бірақ сағат 10:30-да зумға 100 адам тіркеле алатынын ескертті. Сағат 11:00-ге таман біздің «Утильсборға жол жоқ» тобының белсенділері зумға кіре бастағанда орын жеткіліксіз болып қалды. Біз бар болғаны 30 адамның тізімін бергенбіз. Соның небәрі жартысы ғана кіре алды. Оның ішінде осы мәселені батыл көтеріп жүрген Санжар Боқаев кіре алмай қалды. Біздің алдын ала жоспарымыз бойынша Санжар Боқаев негізгі баяндаманы жасайтын болған. Біз алдын-ала қолдан жасалған техникалық себеппен бізді жиынға қатыстырмады деп ойлаймыз. Бірақ қалай болған күннің өзінде ұстанымдарымызды шамамыз жеткенше жеткіздік.
Алайда жиынға қатысқан 100 адамның 10 пайызы мемлекеттік қызметшілер болса, 70 пайызы утилизациялық алымның сақталуына мүдделі олигарх топтарының өкілдері болды.
Бір қызығы, біздің тараптан Тілек Бекбасаров баяндама жасағанда олиграхиялық топтың өкілдері оның сөзін бөлуге тырысты. Ол арнайы дайындалған слайдпен аяғына дейін өз ойын айтып шықты. Біздің негізгі талап ауыл шаруашылық техникасы мен жүк көліктеріне мүлде утилалымды алып тастау болып отыр. Ал жеңіл көліктерге утиль алымды 10 мың теңге және алғашқы есепке тіркеуді 100 мың теңгеден асырмасын деген талап болды. Сондай-ақ техникалық регламент пен кабельдік өнімге мүлде утильсбор алынып тасталсын деген ұсыныс айтық», – деді ол.
Әлия Назарбаева мен Серікқали Брекешев. Фото: ecoportal.kz
Алайда «Утильсборға жол жоқ» қоғамдық қозғалысының ұстанымына олигархтар қарсы болып отыр. Мәселен «Астана моторс» компаниясына қарасты «ВМW» компаниясының директоры мен «Субару моторс» компаниясының басшысы утилалым сақталып қалсын деген пікірде.
«Менің түсінбейтін бір сұрағым бар. Қазақстанда бірде бір «ВМW» немесе «Субару» автокөлігін құрастырмайтын компания басшыларының утилизациялық алым сақталсын деуге қандай моральдық қақысы бар?
Сондай-ақ Нұрлан Смағұлов жетекшілік ететін «Hyundai моторс Қазақстан» компаниясының өкілі де утильалымның сақталуын қолдап сөйледі. Алты жылдан бері Үкіметтің қолдауымен елдегі көлік тапшылығын жоя алмаған компанияның ұстанымы қаншалықты дұрыс?
Ал мен олардың айтқанда сөзінен ақылға сыятын ой көрмедім. Бұдан бөлек, Лаврентьев басқаратын «Агромашхолдинг» компаниясының өкілі утильалымды жақтап сөз сөйледі. Бірақ олар біздің «Қазіргі таңда компанияның локализация деңгейі қанша пайызға жетті және қандай бөлшектері жергілікті зауыттарда шығарылып жатыр?» деген сұрақтарымызға жауап бере алмады. Сол себепті біз жұмыс тобының отырысына қанағаттанбадық», – дейді белсенді.
Нұраддин Садықов утилсборға қатысты мәселе халыққа ыңғайлы шешілмесе оның арты жақсы болмайтынын ескертеді. Өйткені қазір халықтың басым бөлігі президенттің осы тапсырмасынан зор үміт күтіп отыр.
Үкімет үйі.
«Бұған дейін айтқанымыздай президент Тоқаевтың тапсырмасына саботаж жасалып жатыр. Өйткені қалай болғанда да олигархтық топтың мүддесіне жұмыс істеліп жатқанына анық көз жетіп тұр. Осы ретте Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев пен Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев басқаратын мен арнайы мынаны ескерткім келеді: таразының бір басында ары кетсе 50 мыңға жуық қызметкері бар олигархтардың мүддесі, ал екінші жағында 19 млн халықтың мүддесі тұр.
Таразының қай басына басымдық беру сіздердің іс-әрекеттеріңізге тікелей байланысты! Президенттің тапырмасын дер кезінде дұрыс орындайсыздар ба, жоқ әлде саботажға айналдырасыздар ма?
Жұмыс тобының отырысында менің осы сөзімді олигарх компаниялардың өкілі қорқытып, үркіту деп баға берді. Бірақ мұны халықпен күнделікті қоян-қолтық араласып жүрген азаматтың ескертуі деп қабылдаңыздар. Утильсборға байланысты бұқаралық ақпарат құралдарында сұхбат берген кезде бізді қолдап, қолпаштап жүрген азаматтар өте көп. Олар үкіметтің айтатын ертегілеріне әбден тойып біткенін айтады. Осы азаматтардың сенімін арттыру үшін халықтың пайдасына нақты жұмыс істеңіздер», – деді ол.
Расында қарапайым халық презденттің утилсборға байланысты тапсырмасынан зор үміт күтіп отыр. Өйткені халық ескі-құсқы көліктен құтылып, жаңа автокөлік мінеміз бе деп үміттеніп отыр. Егер халықтың осы үміті аяқ-асты болатын болса, жұрттың президенттен көңілі қалады. Мұның салдары ауыр болатыны айтпаса да түсінікті болса керек.