14 Ақпан 10:43
...

ҰТБ тапсырушыларға маңызды хабарландыру айтылды

Тест
Фото: satbayev.university

Наурызда өтетін Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуға өтініш қабылдау 15 ақпанда басталады.

Астана, NEGE. Бұл жөнінде Ғылым және жоғары білім министрлігі хабарлады.

«Наурыз айында өтетін ҰБТ-ға қатысу үшін өтініш қабылдау 15-25 ақпан аралығында жүргізіледі. ҰБТ-ға тіркелу Ұлттық тестілеу орталығының сайтында немесе UTO қосымшасы арқылы жүргізіледі. Тестілеудің өзі 1 наурыз бен 6 сәуір аралығында өтеді», – делінген хабарламада.

Өтініш беру барысында қатысушылар тестілеу өткізілетін орынды, күнді және уақытты өздері таңдайды.

Министрлік мәліметінше, наурыздағы ҰБТ-ға шартты түрде ақылы негізде күндізгі оқу нысаны бойынша жоғары оқу орындарына қабылданғандар, өткен жылғы мектеп түлектері, колледж түлектері, Қазақстан азаматы болып саналмайтын ұлты қазақ тұлғалар, шетелде білім алған Қазақстан азаматтары, сондай-ақ мектеп бітіретін түлектер жоғары оқу орындарына ақылы негізде түсу үшін қатысады.

«2026 жылы Ұлттық бірыңғай тестілеудің форматы өзгеріссіз сақталады. ҰБТ құрылымы бұрынғы қалпында қалады: талапкерлер үш міндетті пәнді және таңдауы бойынша екі бейіндік пәнді тапсырады.

ҰБТ тапсырмаларының жалпы саны – 120. Оның ішінде "Қазақстан тарихы" пәні бойынша 20 тапсырма, "Оқу сауаттылығы" мен "Математикалық сауаттылық" пәндерінен 10 тапсырмадан, сондай-ақ екі бейіндік пәннің әрқайсысынан 40 тапсырмадан беріледі. ҰБТ бойынша ең жоғары балл да өзгермейді және 140 балл болып қалады», – дейді министрлік өкілдері.

Тестілеу бағдарламасында барлық талапкерге калькулятор, химиялық элементтердің периодтық кестесі және тұздардың ерігіштік кестесі қолжетімді болады.

Тестілеу уақыты – 4 сағат (240 минут). Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін  қосымша 40 минут беріледі.

Айта кету керек, биыл Ұлттық тестілеу орталығы талапкерлерге мамандық таңдауға көмектесетін кәсіби бағдар беру платформасын іске қосты. Платформа мамандық таңдауға мүмкіндік береді.