«Үстірт, біржақты және әділетсіз»: Еуропарламент қарарына қатысты СІМ пікір білдірді
Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Айбек Смадияров Еуропалық Парламенттің Қазақстан бойынша қабылдаған қарарына қатысты
пікір білдірді. «ҚазАқпарат» ақпарат агенттігіне берген сұхбатында "үстірт, біржақты және әділетсіз" деп бағалаған.
Алматы. NEGE. Айбек Смадияровтың айтуынша, Қазақстан Республикасындағы адам құқықтарына қатысты үстірт, біржақты және әділетсіз сын бар.
– Біздің пікірімізше, қарардың мәтіні еліміздегі істердің нақты жағдайын бұрмалап, деструктивті топтардың жалған ақпаратымен қамтамасыз етілген жағымсыз ниетті саясаткерлердің бастамасымен жасалған. Қазақстан адам құқықтары саласындағы өз міндеттемелерін мақсатты және жүйелі түрде іске асыруда, – деді ол.
Оның айтуынша, Президент Қ.Тоқаев өзі жариялаған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес кең ауқымды саяси реформаларға бастамашы болды. Еуропалық одаққа мүше мемлекеттер Мемлекет басшысы бастамасымен қолға алынған реформаларды қолдайтынын ескере отырып, Еуропарламенттің бұл құжаты оны дайындау кезінде пайдаланылған мәліметтердің нақтылығына қатысты толық түсінбестік пен түсініспеушілік тудырады.