USD
USD
USD

«Ұшақтағы орынды таңдағандай»: мәжілісте студенттерді жатақханамен қамту мәселесі талқыланды

Бүгінде Қазақстанда 678 мың студент білім алады, оның 364,5 мыңы – басқа өңірден келген жастар. Ресми дерек бойынша, жатақханаға мұқтаж студенттердің саны 115,6 мың болса,оның ішінде 95,3 мыңы ғана орынмен қамтылған, яғни кемінде 20 мың студент жатақханасыз қалып отыр.

Жатақхана
Фото: gov.kz

Астана, NEGE. Мәжіліс депутаты Нұргүл Таудың айтуынша, бұл көрсеткіштер де жағдайдың толық көрінісін бере алмайды, мәселе ресми есептерде көрсетілгеннен әлдеқайда күрделі. Депутат Астана, Алматы және бірқатар өңірдегі студенттік жатақханаларды аралап, жағдаймен танысқаннан кейін осындай тұжырымға келген.

«Көптеген жоғары оқу орнының студенттерді екінші курстан бастап пәтер жалдауға мәжбүр. Соның салдарынан жастар жертөледе, жартылай жертөледе немесе уақытша баспаналарда тұруға мәжбүр. Алматыда қарапайым пәтерді жалдау құны айына 140 мыңнан 270 мың теңгеге дейін жетеді. Бұл – көптеген отбасы үшін ауыр салмақ. Жыл сайын 60 мыңнан астам студент оқу ақысы мен баспана шығынының арасында таңдау жасауға мәжбүр болады», – деді Нұргүл Тау Respublica фракциясының кеңейтілген отырысында.

Ғылым және жоғары білім министрлігі де мәселенің өзектілігін мойындайды. Ведомство аппаратының басшысы Мадияр Қожахметтің айтуынша, соңғы сегіз жылда 281 жатақхана салынып немесе күрделі жөндеуден өтіп, 72 мыңнан астам жаңа орын пайдалануға берілген. Соған қарамастан, әсіресе ірі қалаларда орын тапшылығы әлі де сақталып отыр.

Ал студенттік жатақхана салуға қаржы құйып жүрген кәсіпкерлер мемлекеттік қолдау тетіктері болғанымен, төлемдердің кешігуі жобалардың іске асуына кедергі келтіріп отырғанын айтты.

Мәселен, 500 орындық жатақхана салған инвестор мемлекеттен тиесілі қаржыландыруды алты ай бойы күткен. Соның салдарынан инвестициялық қаражат айналымнан шығып, жобаның тиімділігі төмендеген.

Қолданыстағы жүйе бойынша кәсіпкер жатақхана салады немесе ғимаратты қайта жаңғыртады, ал мемлекет әрбір төсек-орын үшін жыл сайын төлем жасап отырады. Бұған қоса жеңілдетілген несиелер мен коммерциялық инфрақұрылым орналастыру мүмкіндігі қарастырылған. Алайда іс жүзінде қаржыландырудың кешігуі бизнес үшін негізгі тәуекелдердің біріне айналып отыр.

Бұл ретте депутаттар студенттерге арналған жатақхана мәселесін шешу жолы ретінде нақты ұсыныстар білдірді.

  • Біріншіден, студенттерге арналған бірыңғай цифрлық платформаны іске қосу. Цифрлық даму вице-министрі Бақтияр Мұхаметқалиев бұл бастаманы қолдап, студент жатақханадағы орнын ұшақтағы орын секілді өзі таңдай алуы тиіс екенін атап өтті.
  • Екіншіден, жоғары оқу орындарының тиімділік көрсеткіштеріне жатақханамен қамту деңгейін енгізу. Бұл көрсеткіш лицензиялау және мемлекеттік білім беру тапсырысын бөлу кезінде ескерілуі мүмкін.
  • Үшіншіден, жатақхана салатын университеттерге корпоративтік табыс салығы мен қосылған құн салығы бойынша жеңілдіктер беру.
  • Төртіншіден, құрылыс салушылар үшін мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясындағы жаңа ынталандыру шараларын ұсыну. Атап айтқанда, нөлдік ҚҚС мөлшерлемесі, мүлік салығынан 10 жылға босату және әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар арқылы жылдық 2,5 пайызбен қаржыландыру.

Сондай-ақ жатақхана құрылысына арналған жер телімдерінің бірыңғай тізілімін жасап, оларды ұзақ мерзімге жеңілдетілген шарттармен беру.

Халықаралық PBSA моделін енгізу де ұсынылды. Бұл жүйеде студенттік тұрғын үй инвестициялық актив ретінде қарастырылады және АҚШ, Ұлыбритания, Сингапур секілді елдерде өз тиімділігін дәлелдеген.

Бұған қоса депутаттар студенттік тұрғын үйдің ұлттық стандартын әзірлеуді ұсынды. Құжатта бөлме аумағына, қауіпсіздік талаптарына, интернет сапасына және тұрмыс жағдайына қойылатын бірыңғай талаптар белгіленеді.

Отырысты қорытындылаған Respublica фракциясының жетекшісі Айдарбек Қожаназаров студенттік тұрғын үй мәселесін әлеуметтік емес, стратегиялық міндет ретінде қарастыру қажет екенін айтты.

«Егер біз бүгін жастарға сапалы білім алуға жағдай жасамасақ, ертең білікті маман тапшылығына шағымданудың мәні болмайды. Жатақхана – қайырымдылық емес, елдің болашағына салынған инвестиция», – деді ол.

Депутаттар көтерілген ұсыныстарды заңнамалық бастамалар деңгейіне шығарып, оларды Үкіметпен бірлесіп пысықтауды жоспарлап отыр.

Қазір оқып жатыр

Илон Маск тарихтағы алғашқы триллионер атанды

Илон Маск

Астанада шетел азаматтарына ЖСН елге келмей тұрып заңсыз рәсімделген

Жеке куәлік

Алматыда 12 жастағы жасөспірім пышақ жарақатынан қаза тапты

Бала

«Қазақмыстағы» наразылықтан кейін топ-менеджер жұмыстан шеттетілді

.