27 Желтоқсан 17:54
...

Ұшақ апаты кезінде аман қалған бортсерік оқиғаның қалай болғанын айтып берді

Зулфугар Асадов
Фото: APA TV

25 желтоқсанда Ақтау қаласының маңында Баку–Грозный бағытында ұшып бара жатқан Azerbaijan Airlines әуекомпаниясының ұшағы апатқа ұшырады. Апаттан аман қалған бортсерік Зулфугар Асадов Әзербайжан БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында оқиғаның қалай болғанын баяндап берді, деп хабарлады APA TV.

Алматы, NEGE. «Біз таңғы сағат 8-де Грозныйға ұшып шықтық. Қону кезінде қалың тұманды байқадық. Капитан қонуға жақындай бастады, бірақ тұманға байланысты жер көрінбей тұрды. Ол ұшақты қайтадан жоғары көтеруге мәжбүр болды. Ұшқыш тағы қонуға әрекеттенді, бірақ одан нәтиже болмады. Үшінші жолы да сәтсіздікке ұшырадық. Содан кейін ғана капитан ұшақты басқа, жақын маңдағы әуежайға қону үшін бағыттауға мәжбүр болды. Ұшақ сыртынан дыбыс естілді. Мен бірден салонға бардым. Сол маңда әріптесім Айдан болатын. Жолаушылар арасында дүрбелең басталғанын көрдік», - дейді Асадов.

Ол жолаушыларды сабырға шақырып, қорқуға негіз жоқ екенін айтып, қауіпсіздік белдіктерін тағып отыруды ескерткен.

«Жолаушылар отырды. Мен сәл алға қарай жүрейін деп шештім, бірақ сырттан қолыма бірдеңе қатты соққымен келіп тиді. Мен балта тигенге ұқсас жарақат алдым. Жанымдағылар қанды тоқтату үшін қолыма ас сүлгісін байлап қойды. Ұшу жалғасты», - деді бортсерік сұхбатында. 

Сосын, Асадовтың айтуынша, командирдің нұсқауымен оның әріптесі стюардесса Айдан микрофон арқылы жолаушыларға кеудеше киюге нұсқау берген.

«Экипаж командирі суға емес, жерге қонатынымызды айтты. Ұшқыш өз ойын өзгертті, өйткені, менің ойымша, ондай жағдайда ешкім аман қалмас еді. Су тастан да қатты болуы мүмкін. Әрбір жолаушы нұсқауларға сәйкес әрекет етті», - деді Зулфугар Асадов.

Ол сондай-ақ ұшақ салонында баллон жарылғаны туралы ақпараттың жалған екенін атап өтті.

«Егер қарапайым газ баллоны жарылған болса, ұшақ бөліктерге бөлініп кетер еді. Газ баллондары тасымалданбады. Жолаушылар отырғызу кезінде тексеріледі, бұл мүмкін емес жағдай. Тек болжам ғана. Сырттан келген әсерден ғана мұндай жағдайға түстік. Белгіленген межеге жетуімізге бір сағат қалған. Ұшқыштар ұшақты қондыру үшін көп күш жұмсады. Ақырында алдыңғы шасси жерге тиді. Олар ұшақтың алдыңғы немесе артқы жағы жерге тиіп тұруы керек деп есептеді. Мен алдыңғы дөңгелек жерге тиіп кетті деп ойладым. Сол кезде ұшақтың алдыңғы бөлігі бөлініп, арғы бетке құлады. Қалған бөлігі жермен сырғанап барып тоқтады. Ұшақ тоқтай салысымен төңкерілген күйде қатып қалды. Адамдар да салбырап тұрды», - дейді Асадов.

Айдан тұрғысы келді, бірақ мен: «Тұрма» дедім. Өйткені ауа жетіспейтін. Мен ес-түссіз қалдым. Қан жоғалтқаныма қарамастан, соңына дейін шыдамдылық таныттым. Мен есікті ашып, ауа жетсін деп Айданның аяғын төмен түсірдім. Ол: «Тез белбеуіңді шеш», – деді. Мен де жолаушыларға: «Тез шығыңдар» деп бұйрық бердім. Есікті ашқан бойда Ақтаудан құтқарушылар келді. Олар жақын жерде күтіп тұрған болып шықты. Қолымда жара бар еді, күшім жетпей қалды. Мен оларға: «Келіңдер, тірі қалғандарды шығаруға көмектесіңдер», - деп шақырдым.

Зулфуғар Асадов жерге қонған сәтте бәріміз өлеміз деп ойлағанын айтты.

«Өйткені бәрі қатты дірілдеп тұрды. Басқалары да аман болса екен деп ойладым. Аман қалуымыздың өзі бір ғажайып болды. Біз командиріміздің ерлігінің арқасында аман қалдық. Соққының алғашқы секундтарынан-ақ ұшқыш ұшақты қондыруға тырысты. Ұшқыштар да қатты толқыған болар, олар да түрлі сезімді бастан өткерген шығар. Мен бұған дейін де бір апатқа ұшырағанмын. Ұшақ қонған кезде доңғалақ жарылған. Сол кезде де экипаж ерлік көрсетті», - деп жауап берді бортсерік.