Қаржы
Үш жылдан кейін алғаш рет Қазақстанның сырттан түсетін кірісі шығынынан асты
Үш жылдан кейін алғаш рет Қазақстанның шетелден түсетін қаражаты сыртқа төлейтін қаражатынан 2,4 млрд долларға асты. Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, бұған экспорттың артуы әсер еткен.
Астана, NEGE. 2025 жылы Қазақстанның сыртқы төлемдері кірісінен 13,1 млрд долларға асып кеткен еді. Ал 2026 жылдың алғашқы жартысында экспорт 27,1%-ға өсіп, 48,5 млрд долларға жетті.
Атап айтқанда, мыс экспорты 58%-ға, уран 15,1%-ға, бидай 28,2%-ға артқан. Күкірт экспорты 2,9 есе, күміс 2,4 есе өскен.
Шикізаттық емес экспорт 19,5%-ға өсіп, 18,6 млрд долларды құрады. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты да 34,8%-ға артып, 5 млрд долларға жетті.
Ал импорт 5,5%-ға өсіп, 31,5 млрд доллар болған. Өндірістік жабдықтар мен аралық тауарларды сатып алу көбейгенімен, тұтыну тауарларының импорты 10,5%-ға төмендеген.
Негізгі капиталға салынған инвестициялар 9,6%-ға өсіп, 9,5 трлн теңгеге жетті. Өңдеу өнеркәсібіндегі инвестициялар 33,3%-ға артқан.
Ал тауар саудасындағы оң айырма екі еседен астам өсіп, 7,7 млрд доллардан 16,2 млрд долларға жетті.
Бұл экономикаға не береді?
Ведомствоның мәліметінше, экспорттан түскен табыстың артуы елдің сыртқы қаржыға тәуелділігін азайтуға мүмкіндік береді.
«Экспорттық түсімдердің импорт, қызметтер және кірістер бойынша шығыстардан асып кетуі сыртқы шығыстарды меншікті валюталық кірістермен көбірек жабуға мүмкіндік береді. Бұл сыртқы қарыздар мен капитал ағынына тәуелділікті азайтады», – деп хабарлады Ұлттық экономика министрлігі.
Министрліктің мәліметінше, елдің сырттан қарыз алу қажеттілігі азайса, әлемдік нарықтағы қиындықтар мен шетелдік инвесторлардың ақшасын әкетуі Қазақстан экономикасына азырақ әсер етеді. Ал экспорттан елге көбірек шетел валютасы түссе, валюта нарығындағы қысым да азаюы мүмкін.