Үш облыста браконьерлерге қатысты 33 қылмыстық іс қозғалды

Батыстағы 3 облыста «Бекіре – 2025» кеңауқымды балық қорғау акциясы кезінде табиғат қорғау заңнамасын бұзғандарға 21,5 млн теңгенің айыппұлы салынды.
Алматы, NEGE. Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының баспасөз қызметінен мәлім еткендей, балық қорғау акциясы 1 сәуір-31 мамыр аралығында өтті.
«Аталған акция Атырау, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарындағы Жайық-Каспий су бассейнінің айдындарында бекіре тұқымдас және басқа да балық түрлерінің уылдырық шашуына қолайлы жағдай жасау мақсатында өткізілді. Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының инспекторлары мен шекара қызметінің, құқық қорғау органдарының қызметкерлері табиғатты қорғау заңнамасын бұзуға қатысты 1125 фактіні анықтады. Балық қорғау заңнамасына қайшы әрекет жасаған 867 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Браконьерлік және сирек кездесетін, жойылып бара жатқан балық түрлерін заңсыз аулау дерегімен 33 қылмыстық іс қозғалды. Құқық бұзушыларға 21,5 млн теңге айыппұл салынды», – деп хабарлады инспекцияның баспасөз қызметі.
Сондай-ақ, заңсыз айналымнан 4 тонна 505 келі балық тәркіленген. Оның ішінде 1 тонна 330 келі бекіре тұқымдас балық түрлері, 2,006 келі бекіренің қара уылдырығы бар. Браконьерлерден 202 балық аулау құралы, 44 су көлігі алынған.
«Күн сайын Жайық-Каспий су бассейнінің арналарына сүзу жұмысы жүргізілді. Соның нәтижесінде су айдындарынан 661 заңсыз балық аулау құралы шығарылды», – деп мәлім етті инспекцияның баспасөз қызметінен.