16 Қазан 15:40
...

«Үш күн жарықсыз отырдық»: АҚШ-тағы қазақ қызы «Милтон» дауылына қатысты пікір білдірді

Дауыл
Фото: CBS NEWS

АҚШ-та соңғы 100 жылда болмаған алапат дауыл соқты. 

Флорида штатында күшейген «Милтон» дауылы жергілікті халықтың тұрмыс-тіршілігіне айтарлықтай зиянын тигізді. Штатта 2 млн 600 мың үй мен кәсіпорын жарықсыз қалды. Бірнеше қалада төтенше жағдай жарияланды.

Флоридада әртүрлі елден келген иммигранттар өте көп. Олардың қатарында қазақстандықтар да аз емес. Флориданың Тампа қаласында тұратын отандасымыз Айша Көпбармен тілшіміз байланысқа шығып, дауылдан кейінгі жағдайды сұрады. 

Айша Көпбар
Айша Көпбар, Фото: жеке мұрағатынан

«Мен қазір Флорида штатындағы Тампа қаласында тұрып жатырмын. Көшіп келгеніме бір жарым ай болды. Милтон дауылынан кейін кәдімгідей есеңгіреп қалдық. Бұл Америкада 100 жылда бір рет қайталанатын дауыл екен. Бізге дауыл келмей тұрып, бір-екі күн бұрын ұялы телефонымызға Тампа қаласынан көшу туралы хабарлама жіберілді. Өйткені, мен тұрып жатқан қала дауылдың эпицентрі еді. Солай біз басқа қалаға көшуге мәжбүр болдық. Шынымды айтсам, осы оқиғадан кейін Флоридадан мүлдем басқа штатқа қоныс аударсам деген ойда жүрмін. Себебі, бұл жерде күз, қыс, көктем мезгілдерінде жаңбыр, дауыл, торнадо жиі болады», - дейді Айша Көпбар. 

Отандасымыз дауылдан кейін жарықсыз отырғанына үш күн болғанын жеткізді. 

«Дауылдан кейін тұрып жатқан үйімізге қайта оралдық. Теңізге жақын үйлердің, көшедегі бағдаршамдар мен ағаштардың қирап жатқанын көрдік. Дауылдың салдарынан үш күннен бері жарықсыз отырмыз», - деді Айша Көпбар. 

Анықтағанымыздай, дауыл Тампа шығанағына қатты әсер еткен. «Милтон» дауылы инфрақұрылымға зиянын тигізді, соның ішінде Tropicana Field сияқты ірі спорт нысандары қирандыға айналды. Ең үлкен шығын штаттың батыс және орталық бөлігінде болды. Милтон дауылы қазан айының басында күшейе бастады және Saffir-Simpson шкаласы бойынша ең жоғары 5-санатқа тез өсті. Жел 180 миль/сағ (шамамен 290 км/сағ) жылдамдыққа жетіп, Атлант мұхитында болған ең күшті дауылға айналды​. 

Милтон дауылы
Фото: Find Energy

Зардап шеккен аудандарды қалпына келтіру жұмыстары бірнеше аптаға созылуы мүмкін. Бұл жағдайға АҚШ президенті Джо Байден Милтон мен Хелен дауылдарынан зардап шеккен Флорида қауымдастықтарына АҚШ-тың оңтүстік-шығыс штатындағы дауылдың салдарынан болған қирауды бағалау арқылы тұрақты қолдау көрсетуге уәде берді.

«Халық отбасы мүшелерінен, жеке дүние-мүліктерінен айырылды. Біз қолдан келгеннің барлығын жасаймыз», - деді Байден. 

«Милтон» дауылы сәрсенбі күні кешке Флорида штатының Сиеста-Ки аралының жағалауына жетті, оған үшінші санат берілді. Шенеуніктер CBS News-ке дауылдың салдарынан кем дегенде 23 адам қаза тапқанын растады. Бейсенбіде Милтон Флорида түбегі мен Атлант мұхитынан өтті.

                                                                            

Автор: ЗЕРЕ НАРБЕКОВА