Абай облысында жол апатынан зардап шеккен балаларға көмек көрсетуге үздік мамандар тартылды

Абай облысының Үржар ауданында жол апатынан зардап шеккен балаларға барлық қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр, деп хабарлайды ДСМ.
Алматы, NEGE. Облыстық және республикалық деңгейдегі мамандардан тұратын мультидисциплиналық бригада диагностикалық зерттеп-қараулардың барлық кешенін жүргізіп, зардап шеккендердің жағдайын бағалап, жедел емдеу жоспарын жасады.
«Стационарда зардап шеккен үш бала бар, олардың біреуінің жағдайы өте ауыр, қалған екеуі тұрақты ауыр деп бағалануда. Пациенттер жағдайының ауырлығы алынған жарақаттарға байланысты. Балаларда бассүйек-ми жарақаттары, тірек-қимыл аппараты мен ішкі ағзалардың жарақаттары диагнозы қойылған. Балалардың жағдайы тұрақталғаннан кейін оларды Астанаға әуе бортымен тасымалдау мәселесі шешілетін болады. Пациенттердің біріне дәрігерлер бригадасы қазір миға күрделі нейрохирургиялық операция жасап жатыр, ішкі ағзалардан қан кету тоқтатылды», – делінген хабарламада.
Бұған дейін хабарланғандай, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Абай облысының Үржар ауданында жол-көлік оқиғасынан зардап шеккен балаларға медициналық көмек көрсету үшін Қорғаныс министрлігінің С-295 әскери-көліктік авиация ұшағының бортында медициналық бригада ұшқан болатын.
Команданың құрамында-нейрохирург, травматолог және реаниматолог бар.
Денсаулық сақтау министрлігі жағдайды ерекше бақылауда ұстауда. Балаларға медициналық көмек толық көлемде көрсетілуде, еліміздің үздік мамандары тартылған.
Естеріңізге сала кетейік, Бестерек ауылында ауыр жол апаты болды. «Toyota» автокөлігін басқарған 55 жастағы жүргізуші рөлді игере алмай үй маңында ойнап жүрген 6 баланы қағып кеткен.
Әкімдіктің мәліметінше, 2017, 2022, 2023 жылғы 3 бала оқиға орнында қаза тапты. Қалған 7-9 жас аралғындағы балалар түрлі жарақаттармен ауруханаға жеткізілген.
Жүргізуші ұсталып, изоляторға қамауға алынды. Сараптама оның апат кезінде мас болмағанын көрсетті.