18 Қаңтар 16:49
...

Ұрланған миллиардтар: «Ұсталған» Сапар Нұрашев байланысқа шықты

Фото:

Алматыда BI Group холдингінің модульдік инфекциялық ауруханасының құрылысына бөлінген 5,5 млрд теңгенің 4 млрд теңгесі ұрланған, деп хабарлады ҚазТаг.

Агенттіктің хабарлауынша, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі қалалық жайлы орта басқармасының басшысы Сапар Нұрашевтың ұсталғаны туралы ақпаратты растаған. 

280 орындық инфекциялық аурухананы сәуірде BI Group компаниясы салып тапсырған болатын. Құрылыс жұмыстарына 5,5 млрд теңге жұмсалды.

Шенеунікке қаладағы модульді инфекциялық аурухананың құрылысына бөлінген миллиардтаған қаржыны жымқырды деген айып тағылған.

Қала әкімдігінің баспасөз қызметі болса, мұндай ақпараттың шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді.

«Әлеуметтік желілерде және сайттарда Алматы жайлы қалалық орта басқармасының басшысы Сапар Нұрашевтың ұсталғаны туралы ақпарат шындыққа жанаспайды. Нұрашев жұмыс орнында отыр. Қала әкімдігі қажет ақпаратты және тергеуге дейінгі тексеріске қатысты түсінік беруге дайын», – делінген хабарламада.

Алайда, Алматы әкімдігі шенеунікті ешкім ұстамағанын мәлімдегеннен кейін, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері ҚазТАГ агенттігіне қайта қоңырау шалып, Нұрашевқа қатысты түсініктеме тұжырымын «біз сотқа дейінгі тергеудің тіркелгенін растаймыз» деп өзгертуді сұраған. 

«Чиновник» Telegram-арнасының ақпаратына сәйкес, ҚР ҚК 189-бабының 4-бөлігі (сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе ысырап ету) бойынша Нұрашевқа және «Bi-Industrial» ЖШС директорына қатысты сотқа дейінгі тергеу басталған. Олар нақтыланғандай, 2020 жылғы сәуірде Алматыда коронавирустық инфекциялардың таралуын азайту жөніндегі шараларды күшейту үшін 280 төсектік модульдік инфекциялық аурухана құрылысына бөлінген 5,5 млрд теңгенің 3,9 млрд теңгесін ұрлаған. 

«Келтірілген залал тексеру барысында расталды», – деп хабарлады Telegram каналы.

Айта кетейік, осы уақытқа дейін BI Group холдингінің басшысы Айдын Рахымбаевтың Алматыда модульдік «жұқпалы аурулар» мекемесінің құрылысына қатысты барлық құжаттарды жария етуге берген уәдесі әлі күнге дейін орындалған жоқ.

Сонымен қатар, желіде қалалық жайлы орта басқармасының басшысы Сапар Нұрашевтың жұмыс орнында отырғаны туралы видео да тарады. 

«Өздеріңіз көріп отырғандай мен жұмыс орнында отырмын. Бүгін таңертең әкім аппаратының қатысуымен жиналыс өтті. Бірқаттар тапсырма берілді. Біз кедергісіз жұмыс істеп жатырмыз. Мені ешкім, ешқайда шақыртқан жоқ. Жұмыс жалғасып жатыр» , – дейді Сапар Нұрашев видеода. 

Алматыда коронавирус індеті өршіп тұрған кезде салынған модулды жаңа аурухананың уақытша жабылғаны туралы бұрнағы күні ақпарат тараған. Кейбіреулер «аурухана алғашқы аязға шыдас бермеді» дейді. Ал шенеуніктердің ресми нұсқасы бойынша, көшудің себебі – Түрксіб ауданында 500 орындық жаңа модульді аурухананың ашылуы. 

Тегтер: