13 Тамыз 11:26

«ҮРКЕР» - 2024 Ұлттық бәйгесіне өтінімдер қабылдау басталды

Үркер
Фото: gov.kz

Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің ұйымдастыруымен баспа, радио, интернет-журналистика саласындағы «ҮРКЕР» – 2024 ұлттық бәйгесіне өтінімдерді қабылдау басталды.

Алматы, NEGE. Медиаконтент өндіретін және тарататын республикалық, өңірлік және халықаралық радиостанциялар, баспа және интернет-басылымдар байқауға қатыса алады. Өтінімдер 2024 жылдың 13 тамызынан бастап 1 қыркүйекке дейін қабылданады.

Конкуртық жұмыстар 2023 жылдың 7 тамызы мен 2024 жылдың 11 тамызы аралығында республикалық, өңірлік және халықаралық баспа және интернет-басылымдарда жариялануы немесе радиоэфирде шығуы тиіс. Әр үміткер байқаудың тек екі номинациясына қатыса алады. Өтінімдер urker-awards.kz ресми сайтында 12 номинация бойынша қабылданады:

  • Жылдың үздік сұхбаты
  • Жылдың үздік репортажы
  • Әлеуметтік тақырыптағы үздік материал
  • Жылдың үздік журналистік зерттеуі
  • Жылдың үздік аналитикалық материалы
  • Радиостанциядағы үздік жоба
  • Жылдың үздік фотосуреті
  • Жылдың үздік жаңалықтар порталы
  • Үздік өңірлік БАҚ
  • Халықаралық БАҚ-та Қазақстан туралы жарияланған үздік материал (баспа, радио, интернет-журналистика саласында)
  • Үздік подкаст
  • Үздік YouTube каналы

Жұмыстарды беделді журналистер, саланың еңбек сіңірген қайраткерлері мен халықаралық медиасарапшылардан құралған тәуелсіз қазылар алқасы бағалайтын болады.

Конкурс қорытындысы бойынша әр номинацияның жеңімпазына «ҮРКЕР» - 2024 естелік мүсіншесі мен 1 000 000 теңге көлемінде ақшалай сыйақы табысталады. «URKER» - баспа, радио, интернет-журналистика саласындағы үздік жетістіктер үшін беріледі, аймақтардағы мультимедиялық журналистиканы дамытуға ықпал етуге, журналистика мәртебесін арттыруға, кәсіби стандарттар мен критерилерді бекітуге, азаматтық белсенділікті арттыруға бағытталған.