Университет түлектері өмірге жолдама алды

Қазақстан инженерлік-технологиялық университеті 2001 жылы жоғары технологиялар, өңдеу, тамақ өнеркәсібі салаларында, бағдарламалық қамтамасыз етуді жасау, IT, экономика, ауыл шаруашылығы салаларында біліктілігі жоғары мамандар даярлау мақсатында ашылған.
Алматы, NEGE. Жоғары оқу орны күні бүгінге дейін қаншама түлекті қанаттандырды. Мұнда техникалық, технологиялық, ауылшаруашылық мамандықтары, сондай-ақ экономикалық мамандықтар және «Қызметтер» мамандықтары бойынша білім алған жастар әр салада қызмет істеп жүр.
Бүгінде оқу орны Қазақстандағы ең үздік университеттердің қатарына енген. Университетте педагогикалық және ғылыми жұмыста бай тәжірибе жинақтаған, кәсіпқойлығы жоғары профессор-оқытушылар жұмыс істейді. Студенттерді жоғары білікті оқытушылар, соның ішінде ғылым докторлары мен профессорлар дайындайды. Университеттің жақсы танылған профессорлық-оқытушылық құрамы арқасында, тіпті мектепте білім алуға ұмтылмаған студент де университетте оқуға қызығушылық танытады.
Университеттің техникалық бөлімдері өздерінің және шет елдердің ғылыми-зерттеу институттарымен белсенді түрде жұмыс істеп, озық тәжірибені игеруде. Оқу орнының базасында ғылым мен техниканың өзекті мәселелері бойынша халықаралық конференцияларға қатыса алатын ашық дәрістер өткізіледі.
Қазақстан инжерерлік және технологиялық университетінің миссиясы – еліміздің жаңғыртылуына және Қазақстанның индустриялық-инновациялық дамуын тиімді жүзеге асыруға қабілетті жоғары білікті инженерлік-техникалық кадрларды даярлау. Сондай-ақ, халықаралық стандарттарға сай келетін инженерлік-технологиялық білім беру, интернационалдандырудың жоғары деңгейінде белсенді азаматтығы бар мамандарды даярлау.
Университеттің материалдық базасы жыл сайын жаңартылып, толықтырылып отырады. Оқу ғимаратының жатақханаларға жақын жерде орналасқандығы студенттер үшін қолайлы жағдай туғызған. Аудиториялар интернетке кіру мүмкіндігі бар компьютерлер, проекторлар, кондиционерлермен жабдықталса, студенттердің ғылыми жұмыстармен айналысуына мүмкіндік жасайтын зертханалары тағы бар. Әсіресе, қалалық студенттерді ең жақын метро станциясына тегін жеткізетін көлік те бөлінген.