USD
USD
USD

Үндістан карантиннің ең қатаң режиміне көшті

Үндістан билігі 1,3 миллиард халқын үйге қамау үшін жанталасып жатыр. Көшеден ұсталғандарды сойылға жығуға рұқсат берілді. Премьер-министр Нарендра Моди: «Біз мәселені 21 күнде шешпесек, 21 жылға кейін кетеміз» деді халыққа үндеуінде. 

Үндістан карантиннің ең қатаң режиміне көшті
Фото: NEGE.kz

Алматы, NEGE. Төтенше жағдай кезінде карантин жариялау үрдісі бұрыннан бар. Бірақ Үндістанның қазіргі әрекеті ешбір елде болған емес. Барлық кәсіпорындар түгелімен жабылды. Қоғамдық көліктер мен метро жұмысын тоқтатты. Халықаралық әуе рейстері тұрмақ, ішкі рейстерге де тыйым салынды. Барлық қала мен ауыл шекаралары белгіленіп, жүргіншілерге тосқауыл қойылды. Храмдар да есігін тарс жапты. Жұмыс істейтіндер – ауруханалар, медициналық мекемелер, өрт сөндірушілер және қоғамдық тәртіпті бақылайтын әскерилер мен полиция.  

27 наурыздағы есеп бойынша, Үндістанда 519 адам коронавирус жұқтырып, 10 кісі қайтыс болған. Үкімет індетпен күреске 2 млрд АҚШ долларын бөлді.

«Қатаң карантин 25 наурыздан басталды. Осы сәттен бастап, халыққа үйден шығуға тыйым салынды. Бірақ жұрттың 3 аптаға дейін не ішіп, не жейтіні белгісіз. Халықты аштық жайлауы мүмкін» деп жазады, BBC осы елдегі тілшілерінің ақпаратына сүйеніп.

Мұндай болжам тегін айтылып жатқан жоқ. Өйткені Үндістан халқының көпшілігі күндегі тамағын күнде тауып жеуге дағдыланған. Мәселен «еңбек нарығы» арқылы жұмысқа орналасу – ақша табудың өте кең тараған тәсілі. Күн сайын жүз мыңдаған ер адам бір күндік жұмыс табу үшін қалаға ағылады. Бір күнгі табыс – орта есеппен 8 доллар, қарапайым жұрт осы қаржымен бала-шағасын асырайды.

«Мен коронавирустың қауіп-қатері туралы өте жақсы білемін, бірақ балаларымның көз алдымда аштан өлгенін қаламаймын» депті жұмысшылардың бірі BBC агенттігіне. Ал мұндай адамдар Үндістанда миллондап саналады. Дегенмен кейбір аймақтардағы жергілікті билік халыққа ақшалай жәрдем берілетіні жөнінде хабарлаған көрінеді. Бірақ бұл үкімет 1,3 млрд халықты 3 апта тегін асырайды деген сөз емес.

Демек, карантиннің қатаң режимі билікке де халыққа да үлкен сын болып тұр. Бір есептен Үндістан басшылығын да түсінуге болады. Егер халқы құжынаған мемлекетте қатал шара қолданылмаса, алапат індет маяға шырпы тигендей гу ете түсуі мүмкін.  

Қазір оқып жатыр

Алматыда кәсіпкерлерге криминалдық қысым көрсеткендер ұсталды

Полиция

Ресейде жаппай төбелестен кейін Қазақстан азаматтары ұсталды

жанжал ресей

Temu маркетплейсінің табысы төмендеді

Temu

Рахмоновтың жұбайы 5 жылға сотталды

Шавкат Рахмоновтың жұбайы