Under Armour Қазақстан ұлттық құрамасының жасанды формасын әзірлегендерді анықтауға кірісті
Туризм және спорт министрлігі Қазақстан ұлттық құрамасының ресми экипировкасын қолдан жасап, сататындарға қатысты ескерту жасады.
Астана, NEGE. Ведомствоның баспасөз хатшысы Балым Адамиденованың мәлімдеуінше, былтыр Туризм және спорт министрлігі алғаш рет ұлттық құрама спортшыларын Under Armour брендінің бірыңғай жазғы және қысқы экипировкасымен қамтамасыз еткен. Оның сөзінше, мемлекеттік рәміздер бейнеленген әрбір жиынтық спортшыларға жеке табысталады және еркін сатылымға шығарылмайды.
Министрлік өкілі қазіргі уақытта түрлі интернет-платформаларда ұлттық құраманың ресми экипировкасына сырттай ұқсайтын әрі соның атынан сатылып жатқан өнімдердің пайда болғанын айтты. Оның айтуынша, мұндай тауарлардың Қазақстан ұлттық құрамасының ресми формасына еш қатысы жоқ.
« Under Armour брендінің түпнұсқа спорттық киімдерін, оның ішінде осыған ұқсас спорттық костюмдер мен басқа да экипировка үлгілерін брендтің ресми дүкендерінен сатып алуға болады. Алайда Қазақстанның мемлекеттік рәміздері мен ұлттық құрамаға тиесілі белгілері бар өнімдер бөлшек саудада сатылмайды», – деді Балым Адамиденова.
Бұл ретте Under Armour компаниясы брендті заңсыз пайдалану және контрафактілік өнім тарату фактілеріне қатысты тиісті құқықтық шаралар қабылдауды бастап кеткен.
Осыған байланысты Туризм және спорт министрлігі ел азаматтарын Қазақстан ұлттық құрамасының ресми экипировкасы ретінде ұсынылатын жалған өнімдерді сатып алмауға шақырды.