Үміткер кадр мәселесін көтерді
Аудандық мәслихат депутаттығына үміткер Шолпан Омарова «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасын түсіндіру, сенім білдірген тұлғалардың сұрақтарына жауап беру және өзінің алдына нақтылаған міндеттерді орындау мақсатында «Қазақтелеком» АҚ-ның Хромтау ауданындағы бөлімшесінің ғимаратында мекеме қызметкерлерімен кездесу өткізді. Кездесу кезінде үміткер сайлауалды бағдарламасының толықтай дерлік мақсатын түсіндіріп, мазмұнын ашып, қызметкерлерді толғандырған сұрақтарға жауап берді.
– Еліміздегі көптеген мәселелердің шешімі нақтылықты талап етеді, яғни халқымыз бұл жолда ел қалаулыларынан білім және ғылым, экономика, денсаулық сақтау, тағы да басқа салаларда болсын, жаңа өзгерістерді, жағымды жаңалықтарды және кез келген істе жоғары сапа мен біліктілікті талап етеді. Әсіресе, қоғам білім беру жүйесінен экономикалық, әлеуметтік және мәдени өзгерістерге сай болуды талап етіп отыр. Сондықтан өз жобамда сөз болған мәселелердің шешім табуы үшін барымды сала отырып, атқарылатын, талқыланатын жұмыстардың аз еместігін айтқым келеді. Оны іске асыру үшін осы бағытта жұмыс жасап, бірқатар шараларды атқаруға үлес қосамын, – дей келе, Шолпан Омарова ұстанымын жеткізді.
Аудандық мәслихат депутаттығына үміткер Шолпан Омарова аталған білім саласындағы педагогикада қандай мәселелер бар, оларды шешуде қандай кедергілерге тап болуымыз мүмкін, қандай жолмен шешуге болады, қандай әрекет жасаймыз деген сұрақтардың жауабын нақтылап берді. Нақтылай келе, білікті мамандарды даярлау ісіне, олардың жұмысқа деген құлшыныстарын арттыру, сондай-ақ кадр тұрақтандыру мәселесіне айрықша ден қойған дұрыс деді.
«Қазіргі кезде мемлекетіміз үшін кәсіби деңгейі жоғары мамандар дайындап шығару қандай өзекті мәселе болса, жас мамандарға қолдау көрсету де дәл сондай көкейкесті мәселе болып тұрғаны рас» деген үміткер өз кезегінде үміткер «еліміздің кез келген аймағында білім-ғылымның қолжетімділігін арттыру үшін ауылдық елді мекендерге білікті жас мамандарды тарттыру мәселесін қолға алған жөн. Ол үшін жас мамандарды, ең алдымен, баспанамен қамтамасыз етуіміз қажет», – деді Шолпан Омарова өзінің сайлауалды бағдарламасымен таныстыру барысында.
Шолпан Омарова аталмыш саладағы мәселелер шешімін тапқан жағдайда қол жеткізуіміз ықтимал нәтижелерді санамалап берді.
«Ауылға келіп жатқан жас мамандардың баспанамен қамтылуына ықпал ету арқылы біз ауыл балалардың білікті мамандардан дәстүрлі емес оқыту жүйесін меңгеруіне, заманауи техника мен түрлі технологияның тілін үйренуіне және ХХІ ғасырдың ең үздік деген білім беру методикасымен оқытылуына кепілдік бере аламыз», – дейді үміткер.
Үміткердің көтерген екінші тақырыбы кадр мәселесімен тығыз байланысты. Нақтырақ, балабақшадағы кадр мәселесі алаңдататынын айтып, соның негізінде тәрбиешілердің жиі ауысуының себеп-салдарын төмендегідей атап берді:
– Балабақша меңгерушісі болып қызмет еткен жылдар ішінде маман мәселесімен бетпе-бет келіп жүрмін. Кадр тұрақсыздыығының басты себептерінің қатарында мектепке дейінгі ұйым мамандығы бойынша педагогтардың аздығы, тәрбиешілердің айлық жалақысының төмендігі және де мемлекет тарапынан бірқатар қолдаулардың қарастырылмағандығы секілді мәселелер бар. Әсіресе, кадр мәселесі – аталмыш саладағы мәселелердің басты факторы болып табылады. Мектепке дейінгі ұйымдардағы кадр тапшылығы – балабақша педагогі мамандығының тартымсыздығынан емес, жалақының төмендігінен орын алып отыр, – деді өз сөзінде аудандық мәслихат депутаттығына үміткер Шолпан Омарова.
«Nur Otan» партиясының Ақтөбе облысының Хромтау аудандық сайлау қорының қаражатынан төленді.