2 Маусым 13:33
...

Үмбетовтердің ісі: Антикор мен полиция НЕГЕ күмілжи береді?

Фото:
Өткен жылдың қазан айының соңында Nege.kz редакциясына Алматы облысының Жамбыл ауданынан ағайынды жігіттер Мадияр мен Сапарбек Әлібаевтар шағымданды.

«Үмбетовтерден жәбір көрдік» деген жігіттер Мемлекет басшысына, Ішкі істер министріне, Бас прокурорға және басқа да құзыретті органдарға  хат жолдаған.

«Бізге Ғабит Үмбетовтің 56 бас жылқысын ұрладыңдар деп айып тағып жатыр. Бірақ біз ешқандай жылқы ұрлаған жоқпыз.

М.Әлібаев.

15 қазан күні сағат 4-5-тің шамасында Ғабиттің баласы Аян Үмбетов үш-төрт адаммен келіп, мені үйден алып кетті. Жол-жөнекей мені ұрып-соғып, мәшинемен сүйреді. «Жылқыны сендер ұрладыңдар» дейді. Бірақ біз ешқандай жылқы ұрлаған жоқпыз.

Басыма қара пакет кигізіп, мені белгісіз бір жерге алып барды. Басымнан пакетті шешкен кезде ол жер Ғабит Үмбетовтің үйі екенін көрдім.

Ол жерде де мені ұрып-соқты. Ғабит ағаның өзі сол жерде болды. Мені ұрғанын, бәрін көрді. «Аға, жылқыны біз алған жоқпыз ғой!», – деп аяғына жығылған кезде ол: «Жоқ, сендер алдыңдар! Сапар бар, сен бар! Мойында!», – деді. Мен ештеңе мойындамаған соң аяқ-қолымды байлап, қораға тастап қойды.

Ертеңінде мені Жамбыл аудандық ішкі істер бөліміне алып келді. Ол жерге жеткенше «жылқыларды ұрлағаныңды мойында!» деп ұрып барды. Соққылар жаныма батқаннан кейін ағам Сапар Әлібаевты айттым», – деген еді М.Әлібаев.

Коллаж: Nege.kz

Ғабит Үмбетов – Алматы облысының бұрынғы әкімі, экс-депутат Серік Үмбетовтің інісі, ал Аян Үмбетов – Ғ.Үмбетовтің баласы.

Мәселеге Nege.kz порталы араласқаннан кейін Жамбыл аудандық полиция қызметкерлерінің үстінен қылмыстық іс қозғалған. Істі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті қарап жатыр.

Өткен апада Агенттіктің Алматы облысы бойынша департаменті ауданаралық басқарма басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Д.Саиннан жауап келген.

Д.Саин іске қатысты былай дейді: «Ағайынды Әлібаевтарға мал ұрлығына қатысты деректі мойындату мақсатында физикалық және моральдық қысым көрсету дерегі бойынша ҚР ҚК-нің 146-бабы, 2-бөлігі, 1-тармағымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары жүргізілуде».

Алайда Д. Саин ҚР ҚПК-нің 201-бабын желеу етіп, басқа мәліметтерді құпиялап қойды.

Үмбетовтердің үстінен қозғалған қылмыстық іске қатысты Алматы облысы Полиция департаментінің бастығы А.Заппаровқа ресми сауал жолдағанбыз. Сауалдарымызға департамент бастығының орынбасары М.Ережеповтен жауап келді.

«26.10.2022 жылы М.Т.Әлібаев және С.Ж.Алибаевтың интернет желісіне шыққан бейне жазбасындағы деректер бойынша, Алматы облысы ПД-мен сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне ҚР ҚК-нің 126-бабының 3-бөлігі 2-тармағымен №211900031000151 қылмыстық іс тіркелген. 

Қазіргі уақытта қылмыстық іс бойынша Департамент Тергеу басқармасының АМІЖ аға тергеушісі Ғ.Нариманұлымен, іс бойынша заңды процессуалдық шешім қабылдауға бағытталған барлық қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде.

Қылмыстық іс бойынша процессуалдық шешім, тергеу нәтижесі бойынша қабылданады».

Сағызша созылып кеткен тергеу ісі бойынша әлі шешім қабылданған жоқ. Антикор да, Полиция департаменті де сауалдарымызға күмілжи жауап берді.  Бәлкім, әлдебір құдыретті күш олардың «желкесінен қысып» отырған болар?

Тегтер: