2 Қараша 17:19
...

«Үмбетовтер мен полициядан жәбір көрдік» деген ағайындылардың ісін Антикор қарайды

Фото:

25 қазан күні порталымызда Алматы облысы, Жамбыл ауданының тұрғындары Сапарбек пен Мадияр Әлібаевтарға қатысты мақала жарияланған. Ағайындылар «Ғабит Үмбетовтің ұлы Аян бізді соққыға жықты, полиция заңсыз қамады, ұрып-соқты, істемеген қылмысты күштеп мойындатты» деп шағымданған.

«Жәбір көрдік» деген жігіттердің айтуынша, Ғабит Үмбетов – Алматы облысының бұрынғы әкімі, Мәжілістің бұрынғы депутаты Серік Үмбетовтің туған бауыры.

2019 жылы жоғалған 56 бас жылқының дауына қатысты тілшіміз біраз жайтқа қанықты. Үмбетовтер ағайынды Мадияр мен Сапарбек Әлібаевтарды «жылқыларды сендер ұрладыңдар» деп айыптаған. Үмбетовтердің ықпалымен Жамбыл аудандық полиция басқармасына түскен Әлібаевтар тергеушілерден тепкі көргенін айтады.

«Жаныма қысым келген соң ағам Сапарды амалсыздан көрсеттім», – дейді Мадияр Әлібаев.

Nege.kz порталы осы мәселеге байланысты Алматы облысы Полиция департаментінің бастығы Серік Күдебаевтың атына ресми сауал жолдаған. Алайда генералдың өзі де, орынбасарлары да, баспасөз қызметі де жауап беруге асығар емес.

Алматы облысының прокуроры Азамат Жылқыбаевқа жолданған сауалды облыс прокурорының бірінші орынбасары Р.Әміренов Жамбыл ауданының прокуроры Д.Жылангөзовке жіберген. Жылангөзовтің жауабы төмендегідей.

«19.04.2019 жылы Жамбыл аудандық полиция бөлімімен ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабының 4-бөлігі 3-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталғанын хабарлаймыз.

Қазіргі уақытта іс бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде.

Сонымен қоса, 25.10.2021 жылы ауджан прокуратурасымен ағайынды Әлібаевтардың бейнежазбаларын зерделеу нәтижесі бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 146-бабының 2-бөлігімен қылмыстық іс тіркеліп, әрі қарай тергеп-тексеру үшін Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Алматы облысы бойынша департаментіне жолданды.

ҚПК-нің 201-бабына сәйкес тергеу мүддесіндегі басқа да мәліметтер жария етуге жатпайды», – деп жауап берді аудан прокуроры.

Ресми сауалымыздағы сұрақтарға нақты жауап беруден қашқақтаған Алматы облысының Полиция департаменті жалпылама хабар таратып, полиция қызметкерлеріне қатысты «азаптау» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалғанын айтқан.

Бірақ, неге екені белгісіз, ағайынды Әлібаевтардың «Ғабит Үмбетовтің ұлы Аян соққыға жықты» деген шағымын облыстық полиция департаменті де, прокуратура да айналып өтуге тырысыпты. Үмбетовтерге қатысты ешқандай жауап жоқ. Тіпті олардың аты-жөнін атаудан қашқақтайтындай.

Тілшіміз Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментіне хабарласып, Әлібаевтардың шағымына байланысты қылмыстық істің мән жайын және Үмбетовтерге қатысты қандай да бір іс қозғалған-қозғалмағанын сұраған.

Алайда сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтегілер де қылмыстық іске қатысты түсініктеме беруден бас тартты.

Тілшіміз Әлібаевтардың адвокаты Т.Кішкенебаевқа да хабарласты. Адвокаттың айтуынша, Сапарбек Әлібаев қазір ауруханада жатыр. Оны қамауға санкция беру-бермеу мәселесі ертең сотта шешіледі.

Мадияр Әлібаевтың қылмыстық істегі статусы «қорғануға құқығы бар куәгер» екен. Ол тілшіге былай деді: «Сапарбек ауруханада жатыр. Соққылардан денесіне қатты зақым келгендіктен, ота жасауға тиіс болған. Ота жасалды ма, жоқ па, оны білмеймін. Өйткені бізді сөйлестірмейді. Әзірге Үмбетовтер тарапынан бізге қандай да бір қысым көрсетіліп жатқан жоқ».

Полицияға қатысты қылмыстық істі полицияның өзі тергемейді. Ол заңға қайшы болмақ. Сол себепті де Жамбыл аудандық полиция қызметкерлеріне қатысты қылмыстық істі тергеп-тексеру облыстық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке жүктелген. 

Ал енді Әлібаевтардың шағымына байланысты Үмбетовтерге қатысты қандай ба бір іс қозғалды ма? Бұл сұраққа әзірге жауап жоқ...     

Тегтер: