Қаржы
Ұмай ана қолдады. «Отбасы банк» топ-менеджерлерінің табысы НЕГЕ тез өсіп келеді?
Тамыз айының соңғы күні листингтелген компаниялардың Қазақстан қор биржасына жиынтық сыйақы бойынша ақпарат беру мерзімі аяқталды. NEGE квазимемлекеттік жеті компанияның өз басқармасына 2024 және 2025 жылдары төлеген жиынтық сыйақыларын салыстырып көрген болатын. Сыйақының өсуі бойыша «Отбасы банк» көш бастаса, Қазтрансойлда керісінше сыйақы мөлшері азайған.
«Отбасы банк» АҚ 2024 жылы басқарма мүшелеріне 320,79 миллион теңге санап берсе, 2025 жылы бұл сома 437,72 миллион теңгеге жеткен. Сонда бір жылда банктің басқарма мүшелері алатын жиынтық ақша 116,93 миллион теңгеге артып отыр. Өсім фантастикалық +36,5%-ды көрсетті. Бұл былтырғы инфляциядан үш есе артық болғандықтан, мемлекеттік банк басшыларының жағдайы едеуір жақсарды деп айтуға болады.
Фото: NEGE
Осы уақыт аралығында банк басқармасында баяғыдай жеті адам болған. Демек, жиынтық сыйақының өсуін басқарма мүшелерінің көбейгенімен түсіндіре алмаймыз. Жиынтық сыйақыға адам бір жылда алатын жалақы, демалыс ақысы, бонустар мен мерекелік премиялары толық кіреді.
Шартты түрде орташа статистикасын шығарсақ, Отбасы банктің бір басшысы 2025 жылы 62,5 миллион теңге, демек айына 5,2 миллион теңге табыс тауып отырған. Бұл – жақсы көрсеткіш.
Фото: NEGE
Air Astana да Отбасы банктен қалыс қалмады. Мемлекеттік үлесі бар әуе компаниясындағы басқарма алатын жиынтық сыйақылардың бір жылдық өсімі 31,6 пайызды құрады. Пайызбен емес, сомамен есептесек, Air Astana тіпті бірінші орынға шығар еді.
Компания 2024 жылы атқарушы орган мүшелеріне 525,39 миллион теңге төлесе, 2025 жылы бұл көрсеткіш 691,41 миллион теңгеге жеткен. Топ-менеджерлерге жұмсалатын шығын бір жылда 166 миллион теңгеге көбейген.
Фото: NEGE
QazaqGaz-да атқарушы орган мүшелерінің сыйақысы бір жылда 420,72 миллион теңгеден 515,21 миллион теңгеге дейін өсіп, 94,49 миллион теңгеге артты.
Пайыздық өсімі – 22,5%. Осылайша, компанияда топ-менеджментке төленген жиынтық сыйақы алғаш рет жарты миллиард теңгеден асып отыр.
Фото: NEGE
Қазақстанның даму банкінде 2024 жылы атқарушы орган мүшелеріне 272,92 миллион теңге, ал 2025 жылы 332,39 миллион теңге төленген. Сондағы өскені +59,47 миллион теңге немесе +21,8%. Алайда бір нюанс бар. 2024 жылғы құжатта төлем жеті адамға, ал 2025 жылы бес адамға есептелгені көрсетілген.
Шартты түрде бөлсек, 2024 жылы бір басшыға шамамен 39 миллион теңге төленсе, 2025 жылы 66,5 миллион теңгеге жеткен. Сонда былтыр ҚДБ басшылары Отбасы банк басшылығынан да жоғары табысқа ие болған.
Фото: NEGE
KEGOC-та 2024 жылы атқарушы орган мүшелері 461,19 миллион теңге, 2025 жылы 496,31 миллион теңге алған. Өсімі тым қарапайым, бар болғаны 7,6% ғана. Ал Қазақстан темір жолындағы басшылықтың жиынтық сыйақысының өсімі 3,9% болған.
Жалғыз «ҚазТрансОйл» АҚ тіпті кері кеткен екен. Мұнайды құбырмен тасымалдайтын квазимемлекеттік компания атқарушы орган мүшелерінің жиынтық сыйақысын өсірудің орнына азайтып жіберген. 2024 жылы Қазтрансойл басшыларына 484,43 миллион теңге төленсе, былтыр олар 405,12 миллион теңгені қанағат тұтыпты.
Бірақ жалпы тенденция анық. Былтыр ірі компаниялардың басым бөлігінде басшыларға жұмсалған ақша айтарлықтай көбейген.
Алайда қарапайым қызметкерлердің жалақысы дәл басшылық сияқты қарқында өспеген. Штаттық персонал бойынша табыс өсімі көбіне инфляция деңгейінде болды.