25 Желтоқсан 06:41
...

Ұлттық компания қанша айыппұл арқалады?

Фото:
Табиғи уран өндіретін «Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық атом компаниясы» АҚ әкімшілік жауапқа тартылды.


ҚР Энергетика министрлігінің атом және энергетикалық бақылау мен қадағалау комитеті Ұлттық компанияны «атом қуатын пайдалану саласындағы нормативтік құқықтық актілердің талаптарын бұзды» деп айыптады. Дәлірек айтқанда, тексеру барысында «Қазатомөнеркәсіп» басшылығының табиғи уранды жөнелту, қызметкерлерді оқытуға байланысты дер кезінде ақпарат бермегені анықталған. Сонымен бірге, физикалық қорғаныш жоспары да болмай шыққан. Тексеру қорытындысында компанияға анықталған кемшіліктерді жою туралы нұсқау берілген және әкімшілік заң бұзушылық туралы іс қозғалып, әкімшілік айыппұл салынған.

ҚР Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада нақты қандай ереже бұзуылғаны тарқатылып көрсетілмеген. Сондай-ақ, компанияға қандай сомада айыппұл салынғаны да белгісіз. Әсіресе, табиғи уранды жөнелтуге қатысты компания басшылығының қандай деректерді дер кезінде бермегені қызықтырады.

Соңғы кездері уран өндіретін ұлттық оператордың басындағы жағдай аса мәз емес. Биылғы жылдың алғашқы бірінші тоқсанында «Қазатомөнеркәсіп» уран өндіруді 1 пайызға кемітуге мәжбүр болды. Бұған нарықтағы сұраныс әсер еткен. 2019 жылы компания Қазақстанда 22 750-22 800 тонна көлемінде уран өндіруді көздеп отыр. Өндіріс көлемін азайтуға түрткі болған басты себеп ретінде сарапшылар АҚШ-тың екі бірдей уран өндіруші компаниясының Вашингтоннан Қазақстаннан жеткізілетін уранға шектеу қоюды талап етіп отырғанын атайды.

Уран нарығындағы тұрақсыздық пен бағаның құбылуы компанияның акцияларына да әсер етуде. 2018 жылы «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ өзінің иелігіндегі «Қазатомөнеркәсіп» АҚ-ның 25 пайыз акциясын сатуды көздеп, құнды қағаздар нарығына шыққан еді. Алайда, Астана мен Лондондағы қор биржаларында тек 14,92%  акциясын ғана сата алды. Үкімет қалған 10 пайыз акцияны жыл аяғына дейін сатуға уәде еткенімен, алушы табылмады. Биыл осы 14,92%  акцияның иелері ұлттық компаниядан 2018 жылдың қорытындысы бойынша 80 млрд теңге дивиденд, яғни пайда көрді.

Тегтер: