Ұлттық кеңес: Тоқаев жергілікті билікті құлақтандыру арқылы митинг өткізуге рұқсат береді

Астанада Қоғамдық келісім ұлттық кеңестің отырысында Тоқаев митинг өткізуге қатысты бірқатар маңызды мәселелерді көтерді.
«Жақында бейбіт жиын туралы жаңа Заң жобасы талқыға түседі. Бұл Заң жобасы әзір тұр. Әңгіме қазіргі заңды өзгерту туралы ғана емес, барлық бейбіт жиындарды ұйымдастыру және өткізу мәселелерін реттейтін концептуалды жаңа заң туралы болып отыр», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қоғамдық келісім ұлттық кеңесінің құрылуы, онда бұрын табу болып келген қоғамдық маңызы бар мәселелердің талқыға түсуі ел ішінде жылымық орнағанынан хабар береді. Бейбіт шеру, митинг, ереуіл тақырыбын билік пен қоғам өкілдерінің бұрын былай ашық талқылауы, ортақ шешімдер қабылдауы бұрын-соңды болған емес. Бұл биліктің қоғамға, қоғамдық бастамаларға бет бұра бастағанының бір нышаны секілді.
«Қоғамдық санаға митинг мәдениетін енгізу сәті келді. Митингтер – тек қана құқық емес, сонымен қатар жауапкершілік те», – деді президент.
Әрине, Ақорданың ТМД елдеріндегі түрлі-түсті төңкерістер тұсында бұл мәселеге мүлде бақша қарағаны есте. Тұрақтылық орнап, үрей сейілген соң, заңдарды, баптарды, ережелерді біршама ұзын-арқан, кең тұсауға салуды ұйғарған секілді.
«Митингтер заң шеңберінде ғана жол беріледі. Митинг ұйымдастырудың хабарлау принципін енгізуге кірісуіміз керек. Бұл біздің Конституциясымызға сәйкес келеді. Егер заңды бұзбаса, қоғамдық тәртіпті бұзбаса, азаматтардың тыныштығына кедергі жасамаса, митингтерге жол беріледі», – деді Тоқаев.
Расында да, оң өзгерістердің лебі соңғы кездері анық сезіле бастады. Мәселен, Алматы қаласында митинг өткізетін орындар қайта қаралып, қала орталығына жақын жерге өткізу ұйғарылған.
Шадияр Өстемірұлы