Ұлттық ұлан курсанттары СҚО-да құм салынған 3 мың қап дайындады

Биыл Солтүстік Қазақстан облысында көктемгі су тасқынының салдарын барынша азайту мақсатында алдын алу шаралары белсенді түрде жүргізіліп жатыр, деп жазды kazinform.kz.
Алматы, NEGE. Аймақта жыл сайын елді мекендерді су басудан қорғау, қорғаныс құрылыстарын нығайту және табиғи апаттардың алдын алу бойынша кешенді шаралар жүзеге асырылады. Бұл жұмыстардың басты мақсаты – су деңгейінің күрт көтерілуінен болатын қауіп-қатерлерді азайту және жергілікті тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Осы шаралар аясында Ұлттық ұлан Академиясының 60 курсанты Петропавл қаласына жақын орналасқан Тепличное, Прибрежное және Бескөл ауылдарына жіберілді. Олар қорғаныс бөгеттерін нығайту жұмыстарына қатысып, 3000-нан астам құм салынған қап дайындап, су басу қаупі жоғары аймақтарға орналастырды.
Мұндай іс-шаралар халыққа көмек қолын созып қана қоймай, курсанттарға төтенше жағдайларда жұмыс істеу дағдыларын тәжірибе жүзінде меңгеруге мүмкіндік береді. Жұмыс жүріп жатқан орындарға қалалық әкімдік өкілдері келіп, әскери қызметшілердің еңбегін жоғары бағалап, алғыс білдірді.
– Табиғи апаттардың салдарын болдырмауда бұл жұмыстың маңызы зор. Су тасқыны – ең қауіпті табиғи құбылыстардың бірі, сондықтан уақытылы қабылданған шаралар үлкен шығындардың алдын алуға және залалды барынша азайтуға көмектеседі. Академия курсанттары тек әскери міндеттерді орындап қана қоймай, бейбіт халыққа көмек көрсетуге де әрдайым дайын. Қазіргі уақыттағы болуы ықтимал табиғи апаттың алдын алу және одан келетін зиянды болдырмау бағытында жұмыстар жүргізіліп жатыр, – деді 3-оқу батальоны командирінің ТжӘҚЖ орынбасары капитан Мейрамбек Талапкер.