12 Қаңтар 21:33
...

Ұлттық құрылтай 20 қаңтарда Қызылордада өтеді

ақорда
Фото: akorda.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың отырысы биыл 20 қаңтарда Қызылорда қаласында өтетінін мәлімдеп, дайындықты жоғары деңгейде ұйымдастыруды тапсырды.

Астана, NEGE. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин және құқықтық мәселелер жөніндегі көмекшісі Ержан Жиенбаевпен парламенттік реформаға арналған кезекті жұмыс кеңесін өткізді. 

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің айтуынша, 9 қаңтарда өткен жұмыс тобының отырысында болашақ бір палаталы парламенттің мәртебесі, өкілеттігі мен негізгі функциялары айқындалған. Сондай-ақ заң шығарушы органның атқарушы және сот билігімен өзара іс-қимылының тетіктері пысықталған.

«15 қаңтарда өтетін келесі отырыста жаңа парламенттің негізгі мемлекеттік институттардың қызметін қамтамасыз етуге қатысты өкілеттіктері қаралады», – делінген Ақорда хабарламасында.

Президент барлық пікір мен бастаманы ескеру қажет екенін атап өтті. Сондай-ақ конституциялық реформа бойынша түпкілікті шешімді ел азаматтары жалпыұлттық референдумда қабылдайтынын мәлімдеді.

Сонымен қатар кездесуде Ұлттық құрылтайдың Қызылорда қаласында өтетін бесінші отырысына дайындық мәселесі қаралды.

Мемлекет басшысы Құрылтай отырысын өткізуді осы жылдың 20 қаңтарына белгілеп, алдағы маңызды іс-шараны ұйымдастыру және оған тыңғылықты әзірлену жөнінде тапсырма берді.