Ұлттық қордан бөлінген қаражаттың жұмсалуын мониторингтеу жөніндегі комиссия жұмысын қайта бастады

Қазақстанда Ұлттық қордан бөлінген қаражаттың жұмсалуына мониторинг жүргізу жөніндегі комиссия жұмысын қайта бастады.
Алматы, NEGE. 2014 жылы құрылғаннан бастап ол ҚР Ұлттық Банкінің қарамағында жұмыс істеді. 2020 жылдан бастап комиссияның жұмыс органы Жоғары аудиторлық палата болды. Қазіргі уақытта Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мақсатында комиссияның қызметі жаңартылған форматта және жаңа құраммен жалғасады. Ұзақ үзілістен кейін биыл 21 ақпанда Әлихан Смайыловтың төрағалығымен Жоғары аудиторлық палатада комиссияның отырысы өтті.
Жиынға Президент Әкімшілігінің, Ұлттық Банктің, Бас прокуратураның, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің, Қаржы мониторингі агенттігінің, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, Қаржы және Ұлттық экономика министрліктерінің лауазымды тұлғалары, Парламент Мәжілісі мен Сенатының депутаттары және т.б. қатысты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылдың қыркүйек айындағы Қазақстан халқына Жолдауында Ұлттық қордың ерекше рөлі мен маңыздылығын тағы да атап өтті.
– Қордың қаражатын, ең алдымен, мемлекет мүддесі үшін, яғни еліміздің стратегиялық мақсаттарын жүзеге асыру үшін пайдалану қажет. Ұлттық қор шетелдік қаржы институттарына қызмет етпеуі керек. Ұлттық қор – ұзақ мерзімге арналған макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ететін аса маңызды құрал. Сондықтан оны тиімді басқару қажет, - деді Президент.
Отырыс барысында Комиссия төрағасы Әлихан Смайылов Ұлттық қор қаражатын жұмсаудың заңдылығы мен тиімділігіне мониторинг жүргізу тәсілдері өзектендірілетінін атап өтті.
– Комиссияның жұмысын қайта бастауымыз керек. Ведомствоаралық іс-қимыл мен Ұлттық қор қаражатының тиімді және мақсатты пайдаланылуын бақылау үшін жауапкершілік аймақтарын нақты айқындау қажет, - деді Әлихан Смайылов.
«Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасына байланысты да жұртшылықтың Ұлттық қорды ұтымды пайдалануға назары күшеюде.
– Ұлттық қордан алынатын трансферттерден экономикалық қайтарым болуы қажет. Ұлттық қор мемлекеттік маңызды емес міндеттерге пайдаланылмауы тиіс. Мемлекет басшысы осындай міндет қойды, - деп атап өтті Жоғары аудиторлық палата төрағасы.
Әлихан Смайылов алдағы кезеңге арналған міндеттерді атап өтті:
– Ұлттық қордан экономиканы жеңілдетілген шарттармен қолдауға бөлінген қаражатқа тексеру жүргізу;
Ұлттық қор қаражатын неғұрлым басым бағыттарға қайта бөлу немесе оларды қайтару жөнінде ұсыныстар беру. Отырыс барысында комиссия құрамын жаңарту, оның қызметін жаңа форматта регламенттеу, қорытындылардың сапасын арттыру және т. б. мәселелер талқыланды. Айта кетейік, ҚР Ұлттық қорынан бөлінген қаражаттың жұмсалуына мониторинг жүргізу жөніндегі комиссия консультативтік-кеңесші орган болып табылады. Ол ҚР Президентінің Өкімімен 2014 жылы құрылған.
Сенатор Ұлттық қордан алынған әрбір тиынның тиімді игерілуін бақылау күшейетінін айтқан еді.