1 Ақпан 09:49

Ұлттық қор – балаларға: Балалардың шотына алғашқы қаражат түсе бастады

Ұлттық қор - балаларға
Фото: ғаламтордан

2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап бағдарламаға 2023 жылдың соңындағы жағдай бойынша кәмелетке толмаған, Қазақстан азаматы болып есептелетін барлық балалар қатысушы ретінде тіркелді.

Алматы, NEGE. Бағдарламаға қатысушылардың жалпы саны – 6 919 131 бала (қоса алғанда, 01.01.2006ж. бастап 31.12.2023ж. дейін туылған балалар). Оның ішінде 304 815 қатысушы 2024 жылы 18 жасқа толады (қоса алғанда, 01.01.2006ж. бастап 31.12.2006ж. дейін туылған балалар).

Олардың барлығына өткен жыл үшін Қазақстанның Ұлттық қорынан 100 АҚШ доллары және 52 центі мөлшерінде бірдей сома есептелді.

18 жасқа 2024 жылы толатын балаларға аталған сома олардың БЖЗҚ-да автоматты түрде ашылған нысаналы жинақтау шоттарына түсті. Бағдарламаның бұл қатысушылары өздерінің нысаналы жинақтарын тұрғын үйге немесе білім алуға кәмелетке толғаннан кейін бірден пайдалануға құқылы болады.

Заңға сәйкес, пайдалану құқығы бала 18 жасқа толғаннан кейін ғана беріледі.

Баланың бағдарламаға қатысуы туралы ақпаратты кәмелетке толмаған баланың ата-анасы (немесе басқа да заңды өкілдері) арнайы ашылған kids.enpf.kz сайтында (баланың ЖСН бойынша) тексере алады.

Мұнда сіз, сондай-ақ, бағдарламаның шарттарымен, нұсқаулықпен танысып, өзіңізді қызықтырған сауалдарға жауап ала аласыз. Ата-аналар өз балалары бойынша есептелген қаржы туралы деректерді egov.kz порталындағы Жеке кабинетінде тексере алады.