20 Қараша 09:43
...

Ұлттық киім – ұрпаққа мұра

Шымкент
Фото: Шымкент қаласының Қоғамдық келісім баспасөз қызметі

Шымкент қаласында Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы аясында «Ұлттық киім – ұрпаққа мұра» фестивалі өтті.

Астана, NEGE. Ұлттық киім үлгілері дәріптелген іс-шараға жергілікті қолөнер шеберлері, жас дизайнерлер, сән өнерінің өкілдері мен ұлттық өнер жанашырлары, этномәдени бірлестіктердің жетекшілері, шығармашылық ұжымдар, жоғары және орта арнаулы оқу орындарының студенттері мен тұрғындар қатысты.

2022 жылдан бері қалалық ассамблея алаңында дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан фестивалдің мақсаты – халқымыздың ұлттық киім үлгісінің қолданыс аясын кеңейту арқылы қоғамға заманауи үлгідегі ұлттық киім үлгілерін ұсыну және жергілікті шеберлер мен ісмерлердің, зергерлер мен дизайнерлердің өнімдерін дәріптеу, ұлттық киімдер мен зергерлік бұйымдарға деген құрмет пен қызығушылықты арттыру.

Шымкент
Қоғамдық келісім баспасөз қызметі

Заманауи стильдегі ұлттық киім үлгілері дәріптелген фестивалдің ашылу салтанатына қатысқан Шымкент қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Айгүл Әмзеева ұлттық киім мен зергерлік бұйымдарды әзірлеп, бүгінгі буынға насихаттап келе жатқан шеберлер мен ісмерлерге, дизайнерлерге айрықша алғыс айтты.

Ұлттық киім – бұл тек сәндік элемент емес, ұлттың рухы, болмысы, тарихи жадын сақтаған қастерлі құндылық. Бүгінгі фестиваль арқылы біз жас ұрпаққа өз тамырын танытып қана қоймай, ұлттық киім өнерін жаңа деңгейге шығаратын жас таланттарға жол ашып отырмыз. Әр өңірдің киім үлгісінде халқымыздың тарихы, философиясы, дүниетанымы жатыр. Біз осы бай мұраны көздің қарашығындай сақтап, келер ұрпаққа жеткізуге міндеттіміз. Қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы алдағы уақытта қоғамды бір арнаға ұйыстыратын түрлі жобаларды іске асыратын болады. Біздің көздегеніміз – берекелі бірлігімізді бекемдеп, қоғамдық келісімді сақтау және этностар арасындағы тұғырлы татулықты өз тұғырынан түсірмеу, – деді хатшылық меңгерушісі.

Фестиваль аясында дизайнерлер мен қолөнер шеберлерінің сәндік топтамалары көпшілік назарына ұсынылып, көрермендер қазақ халқының дәстүрлі киімдерінің өңірлік ерекшеліктерін, ұлттық нақыш пен қолөнер шеберлерінің озық техникалары туралы тереңірек танып, білді. Кәсіби деңгейдегі мамандардан жасақталған қазылар алқасы жұртшылық назарына ұсынылған жұмыстар мен жобалардың арасынан үздіктерін анықтады.

Қазылар алқасының шешімімен этностильдегі киім топтамалары арнайы марапаттармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

шымкент
Қоғамдық келісім баспасөз қызметі

Фестиваль қорытындысымен I орынды Ө.Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің «Аманат рухы» ұлттық киімдер жиынтығы (жетекшісі А.Б.Шнасыл) және «Ынтымақ» этносаралық мәдени орталығының «Шұғыла» ұлттық киім топтамасы (авторы Б.Жетыбаева) лайық деп танылды.

II орынды Жеңіл өнеркәсіп және сервис колледжінің «Тау қырандары» киім жиынтығы (жетекшісі С.М.Искакова) және Орталық Азия инновациялық университетінің «Ұлттық киімнің түрленуі» сәндік киім үлгілерінің топтамасы (жетекшісі Б.А.Досанова), ІІІ орынды Жеңіл өнеркәсіп және сервис колледжінің «Жібек жолы» киім жиынтығы (жетекшісі М.Қ.Байзақова) мен Ә.Қастеев атындағы өнер және дизайн колледжінің «Нұрлы шуақ» киім жиынтығы (жетекшілері Ж.А.Акаева, Д.А.Бейсенбаева) алды.

Ал ұлттық киім үлгілерін дәріптеуді мақсат еткен іс-шараға белсене қатысқан қолөнер шеберлері мен ісмерлерге ынталандыру сыйлықтары табысталды.

Айта кетейік, фестиваль аясында заманауи ұлттық киім үлгілерімен қатар ұлттық өнердің әр жанрын қамтыған концерттік бағдарлама көрермендер назарына ұсынылды.