12 Желтоқсан 12:24
...

Ұлттық қауіпсіздік комитетіне жаңа өкілеттіктер берілді

gov.kz
Фото: gov.kz

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қауіпсіздік комитетіне жаңа өкілеттіктер беретін жарлыққа қол қойды.

Астана, NEGE. Құжатқа сәйкес, Ұлттық қауіпсіздік комитеті қаржылық мониторинг жөніндегі уәкілетті органның сұрау салуы бойынша Қазақстан Республикасының қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға), терроризмді қаржыландыруға және жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы заңнамасына сәйкес өзінің ақпараттық жүйелерінен мәліметтер береді.

Сондай-ақ Ұлттық қауіпсіздік комитетіне мемлекеттік материалдық резерв саласында бірқатар өкілеттіктер берілген. Атап айтқанда:

  • мемлекеттік материалдық резерв саласындағы уәкілетті органға мемлекеттік материалдық резервтің материалдық құндылықтарының номенклатурасы мен оларды сақтау көлемдері бойынша және номенклатура өзгерген кезде мемлекеттік материалдық резервтің материалдық құндылықтарын броньнан шығару туралы ұсыныстар енгізу;
  • мемлекеттік материалдық резерв және жұмылдыру дайындығы саласындағы уәкілетті органдармен келісу бойынша қарыз алу тәртібімен жұмылдыру резервінен материалдық құндылықтарды шығару туралы шешімдер қабылдау;
  •  мемлекеттік материалдық резервтің материалдық құндылықтарының номенклатурасы мен оларды сақтау көлемдеріне сәйкес жұмылдыру резервінің материалдық құндылықтарын жеткізіп беруге арналған тапсырыстарды орналастыру;
  • жаңарту тәртібімен жұмылдыру резервінен материалдық құндылықтарды шығару туралы шешімдер қабылдау;
  • алушы мемлекеттік органдармен және мемлекеттік материалдық резерв саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі уәкілетті органның шешімімен жаңартылуға жататын жұмылдыру резервінің материалдық құндылықтарын және номенклатура өзгерген кезде броньнан шығарылған материалдық құндылықтарды басқа мемлекеттік органдардың балансына өтеусіз негізде беруді жүзеге асыру;
  • мемлекеттік материалдық резерв саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша жұмылдыру резерві материалдық құндылықтарының орнын ауыстыру туралы шешімдер қабылдау;
  • жұмылдыру резервінің материалдық құндылықтарын сақтауды және жаңартуды ұйымдастыру.

Сондай-ақ комитет үкіметке жұмылдыру резервінің материалдық құндылықтарын қалыптастыру және сақтау бойынша шығыстардың көлемі мен құрылымы жөнінде ұсыныстар енгізе алады.

Жарлық қол қойылған күннен бастап күшіне енеді десек те, мемлекеттік материалдық резервке қатысты өкілеттіктер 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.