USD
USD
USD

Ұлттық қауіпсіздік комитеті экс-әкім Жақсылық Омардың қалай ұсталғанын көрсетті

Ұлттық қауіпсіздік комитеті сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі туралы деректі фильм жариялады. Фильмде Өскеменде 6 жылға сотталған облыс әкімінің бұрынғы орынбасары, қаланың экс-әкімі Жақсылық Омарға қатысты істің де жай-жапсары баяндалды.

Жақсылық Омар
Фото: instagram.com/zhaksylyk_omar

Астана, NEGE. Деректі фильмде ҰҚК СЖҚҚ жедел бөлімше бастығының мәлімдеуінше,  2025 жылдың соңында ШҚО бойынша ҰҚК департаментінің жедел қызметкерлері Жақсылық Омардың өзіне бағынышты қызметкерлер мен ведомстволық ұйымдардан тұрақты түрде ақша талап етіп жүргені туралы жедел ақпарат алған.

ҰҚК қызметкерлері Жақсылық Омар ақша талап еткен адамдарды анықтаған. Олардың айтуынша, экс-шенеунік қызметкерлерге мансап жолында өсуге көмектесетінін, ал бас тратқан жағдайда жұмыстан шығаратынын немесе лауазымын төмендететінін ескерткен. 

«Бұл адамдардың барлығы Жақсылық Омар қала әкімі болған кезеңде оның қарамағында жұмыс істеген. 2026 жылғы 4 ақпанда Омардың ақша алу схемасын құжаттау және анықтау мақсатында ақшаның бір бөлігі берілді. Тінту іс-шаралары барысында оның Өскемен қаласындағы жеке тұрғын үйінен ақша қаражаты тәркіленді», – дейді ҰҚК өкілі.

Оның айтуынша, тергеу кезінде және адвокаттың қатысуымен алғашқы жауап алу барысында Жақсылық Омар кінәсін мойындаған. Сондай-ақ қосымша факт анықталып, ол да Қылмыстық кодекстің 190-бабының 3-бөлігі (лауазымды тұлғаның алаяқтық әрекеті) бойынша іс материалдарына тіркелген.

Еске салсақ, Жақсылық Омарға қатысты қылмыстық іс бойынша сот процесі 19 наурызда басталған болатын. Ол Қылмыстық кодекстің екі бабы – аса ірі мөлшерде алаяқтық және аса ірі мөлшерде пара алу бойынша қылмыстық құқықбұзушылықтар жасады деп айыпталды. Экс-әкім сотта кінәсін толық мойындады.

3 сәуірде Өскемен қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты оны аталған баптар бойынша кінәлі деп танып, 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

Кейін Жақсылық Омардың қорғаушылары сот үкіміне апелляциялық шағым түсірді, алайда сот алқасы бірінші сатыдағы сот үкімін өзгеріссіз қалдырды.

Айта кетейік, Жақсылық Омар облыс әкімінің кеңесшісі, сондай-ақ Өскемен қаласының әкімі болған, ал 2025 жылдың сәуірінен бері Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары болып тағайындалған.

Қазір оқып жатыр

Зейнетақы жинағына берілетін мемлекеттік кепілдік неге алынып тасталуы мүмкін?

.

Қазақстан Сингапурдың зейнетақы моделіне көше ме?

зейнетақы

Джеки Чан Қазақстанда «Құдайдың сауыты: Ультиматум» фильмінің түсірілімін бастады

.

Тоқаев Ауыл шаруашылығы министріне азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуды тапсырды

Тоқаев, Сапаров