Ұлттық банктен кеткен Шолпанқұлов Solva Group директорлар кеңесінің құрамына кірді
Ұлттық банк төрағасының бұрынғы орынбасары Берік Шолпанқұлов Solva Group Ltd компаниясының директорлар кеңесінің жаңартылған құрамына тәуелсіз директор ретінде кірді.
Астана, NEGE. Бұл жөнінде компанияның баспасөз қызметі хабарлады.
Директорлар кеңесінің төрағасы болып Ғалым Құсайынов сайланды. Кеңес құрамына сондай-ақ Solva Group бас директоры Тимур Ишмуратов, Zoser Capital Partners өкілдері Эхаб Тантави мен Омар Эзз әл-Араб, сондай-ақ тәуелсіз директор Нұрбек Аязбаев кірді.
Айта кетейік, Берік Шолпанқұлов Ұлттық банк төрағасының орынбасары қызметін 2021 жылдың сәуірінен 2026 жылдың ақпанына дейін атқарған.
Оның қызметтен кетуіне 7 трлн теңгеге қатысты трансшекаралық операциялар төңірегіндегі дау себеп болды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылы Қазақстандағы банктердің біреуі арқылы көрші елден басқа мемлекеттерге 7 трлн теңгеден астам қаражат «аударылғанын» мәлімдеді. Бұл туралы оған Қаржылық мониторинг агенттігінің басшылығы хабарлаған.
Кейін Берік Шолпанқұлов BES.media-ға берген сұхбатында президент атаған 7 трлн теңге міндетті түрде заңсыз шығарылған қаражат емес екенін айтты. Оның пікірінше, бұл сома банктердегі жалпы ақша айналымының көлемі болуы мүмкін. Ол бұған күн сайын екі адамның бір-біріне ақша аударып отырғанын мысалға келтірді.
Осыдан көп ұзамай Шолпанқұлов өз өтініші негізінде қызметінен босатылды. Алайда оның қызметтен кетуінің осы мәлімдемеге қатысы бары ресми түрде расталмады.
Президенттің баспасөз хатшысы Айбек Смадияров Мемлекет басшысы жалған ақпарат таратпайтыны айтты. Оның сөзінше, Тоқаев «саяси мақсат пен дипломатиялық протокол талаптарын ескере отырып, транзакциялық қаражаттың қай елден шыққанын, оның қандай мемлекетке кеткенін, сондай-ақ санкциялық режим белең алып тұрған жағдайда осындай әрекетке барған қай банк екенін де әдейі айтпады».