2 Қараша 13:51
...

Үлкен Алматы айналма жолының құрылысы 2023 жылы толық аяқталады

Фото:

Үлкен Алматы айналма жолының құрылысы бүгінгі күні 95%-ға аяқталды. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің автомобиль жолдары комитеті мәлім етті.

Алматы, NEGE. Ведомствоның мәліметіне сәйкес, қазіргі таңда асфальтбетон жабынын орнату жұмыстары аяқталған.

«Қазір абаттандыру жұмысы жүріп жатыр. БАКАД-тың құрылысы уақытынан бұрын жасалуда. Жол салу жұмысын аяқтау мерзімі биылғы жылдың соңына дейін жоспарланды. Жоба толығымен 2023 жылы аяқталады»,-деп хабарлады автомобиль жолдары комитетінің баспасөз қызметі.

Үлкен Алматы айналма жолының жалпы ұзындығы - 66 шақырым (бірінші санат, 6 жолақ).

Жобаны түрік-корей консорциумы жүзеге асырып жатыр. Концессия шартына 2018 жылы 20 жыл мерзімге қол қойылды. Концессионер – «Алсим Аларко», «Макйол Иншаат», «СК Экоплант», «Корея Экспрессвэй» секілді Түркия және Оңтүстік Корея компаниялары құрған «ҮАААЖ Инвестициялар және Операциялар» ЖШС.

Еске салсақ, БАКАД-ты салу жұмыстары 2018 жылдың мамыр айында басталған болатын. БАКАД - Қазақстан тарихындағы ірі инфрақұрылымдық жобаның бірі.

Оның құрылыс жұмыстары толық біткен кезде, Алматы облысының экономикасына серпін бермек, себебі, шамамен 300 млрд теңге инвестиция тартылады. Бұл шағын және орта бизнеске мультипликативті әсер ететін болады.

Яғни, жол бойындағы сервис, ондағы көлік-логистикалық терминалдардың дамып, өнеркәсіптік кәсіпорындардың нарыққа қолжетімділігі артпақ.

ҮАААЖ – Қазақстан мен Орталық Азиядағы мемлекеттік-жекешелік әріптестік саласындағы жол құрылысының ірі инфрақұрылымдық жобасы. Құрылыс-монтаж жұмыстарының құны 150 млрд теңге. Жобаны Еуропа қайта құру және даму банкі, Ислам даму банкі, Еуразия даму банкі қаржыландырады.

Алматы қаласының төңірегіндегі ұзындығы 66 км және алты жолақты қозғалысты үлкен айналма автомобиль жолы I техникалық санат параметрлеріне сәйкес келетін болады. Автожол құрылысымен қатар жаңа көпірлер, көлік жол айрықтары мен эстакадалар салу көзделген.

Жобаны іске асыру көлік қызметін көрсету сапасын арттырады, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етеді, автомобиль көлігінің қоршаған ортаға теріс әсерін азайтады. ҮАААЖ пайдалануға берілгеннен кейін барлық транзиттік ағын – тәулігіне шамамен 38 мың автомобиль Алматы қаласын айналып өтетін болады. Бұл ретте Қытай мен Еуропа арасындағы жүк тасымалдау көлемі өседі деп күтілуде.

Тегтер: