Ұлықбек ЕСДӘУЛЕТ: Ақбереннің ӨКПЕСІ бар сияқты...
Кеше Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма төрағасының бірінші орынбасары Ақберен Елгезек әлеуметтік желіге жазба қалдырып, қызметінен кететінін мәлімдеді.
Ол: «Мен бүгіннен бастап Қазақстан жазушылары одағындағы қызметімнен ресми түрде кеттім. Келе жатқан Құрылтайда қойылатын спектакльге қатысуға құлқым жоқ», – деп жазды. Жұрт оның пікірін сан-саққа жүгіртіп, әртүрлі болжам жасап та үлгерді.
NEGE тілшісі мәселенің мән-жайын білу үшін ақын Ақберен ЕЛГЕЗЕКТІҢ өзіне де хабарласқан. Алайда, ол сұхбат беруден бас тартты. Бұдан кейін нақты сауалды Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек ЕСДӘУЛЕТТІҢ өзіне қойдық.
– Ұлықбек аға, Жазушылар одағында не болып жатыр? Орынбасарыңыз Ақберен Елгезек қызметінен неге кетті?
– Шынын айтсам, «Неге?» деген сұрақ менің де көкейімде тұр. Жалпы, Ақберенмен бірінші орынбасарым ретінде бес жылдан астам бірге жұмыс істедік. Әй-шәй дескен жеріміз жоқ. Еркіндік бердім. Жастарды көтеру жағынан көп көмектесті. Жақсы жобалар жасап, іске асырдық. Жастарды қабылдап, сыйлық әпердік. Олардың кітабын шығардық. Қысқасы, жастарға жол ашу барысында біраз игілікті жұмыстар атқарылды.
Бірақ өзі соңғы кезде бизнес жасап жүрген. Кітап шығаратын баспасы бар. Соған уақыты жетпей жүр ме, білмеймін. Кейінгі уақытта жұмысқа кішкене салғырт қарап жүрді.
Сөз арасында «Аға, шаршап жүрмін» дейтін. Содан кеше: «Аға, мен жұмыстан кетемін, арыз жаздым», – деді. «Бұл қалай? Аяқастынан орынбасарлық қызметтен кетем дегенің қалай? Әлде, маған бір өкпең бар ма?», – деп едім: «Жоқ, аға, сізге ризамын. Маған да ризасыз ғой деп ойлаймын», – деді.
«Айналайын, саған ешқандай ренішім жоқ, ризамын. Мен сені жібермеймін» десем, «Жоқ, аға жібересіз. Мен кететінім жайында пост жазамын» деді. Жұмыс соңы болатын. Ораза кезі. Әрі алдыма сұхбат алуға журналист келіп отырған. «Постыңды білмеймін, ертең дұрыстап сөйлесейікші» дегем.
А.Елгезек.
Негізі бұған дейін әңгіме арасында «Аға, өзімнің шаруаммен айналыссам деп жүрмін. Мен осы одақтың азғантай айлығына қарап қалмаймын ғой. Қанша жерге жұмысқа шақырды. Солардың бәрінен бас тарттым. Одақ үшін, әдебиет үшін жұмыс істедім», – деген еді. Дәл осылай айтқан соң, арыз жазып, пост жазып кетіп қалады деп ойлаған жоқпын. Ол өтінішін менің қолыма берген жоқ, әлі көргем жоқ.
– Сонда қызметтен кету жөнінде алдын ала ескерткен жоқ па?
– «Өтінішіңе қол қоймаймын. Жалпы, жұмыстан кетудің де тәртібі бар емес пе?», – дедім. Оған қаржы жағына да қол қоятын мүмкіндік жасап қойғанмын. Қызмет барысында, жалпы жұмыс кезінде әр адамның жауап беретін өз саласы бар ғой. Біз мұнда жұмысты бөліп алғанбыз. Енді оны үн-түнсіз тастап кетіп қалуға болмайды ғой. Сөйтсем, кешке әлеуметтік желіге анандай жазба жазып жіберіпті.
Оның айтып тұрғаны – алда өтетін Құрылтай. Бәлкім, Жазушылар одағының төрағалығына түскісі келді ме екен, біреу оған «сен бәрібір өтпейсің» деген бе, білмеймін ғой. Сондай бір өкпесі бар сияқты.
Бірде ол менен осы туралы сұрады. «Түсем десең, түс» деп едім, «Жоқ, түспеймін, өтпейді екенмін, білдім. Бірақ маған дауыс беретін жастармен келісіп қойып едім», – деді. Бірақ одақтан кететіні жайында әлгіндей пост жазады деп ойламаппын. Дұрыстап сөйлесейін десем, телефонын өшіріп тастапты. Екеуміздің арамызда ешқандай кикілжің жоқ. Жұмыс істегісі келмеген шығар. Ойланбай, эмоциямен жазып жібергені дұрыс болмады.
А.Елгезектің әлеуметтік желідегі жазбасы.
– ҚР Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қариннің Алматыға келіп, сізді жеке қабылдауы себеп болған жоқ па?
– Ерлан Қариннің түк те әсері болған жоқ. Кездесу барысында құрылтай өткізейік деп жатқанымызды айттым. «Өздеріңіздің қолдап отырған адамдарыңыз бар ма? Осыдан бірнеше ай бұрын кездескенде маған «Сізді қолдаймыз!» деген едіңіздер» деп те сұрадым.
Мен және командам бес жылда талай шаруа істеді. Жазушылар одағының жақсы имиджін қалыптастырдық. Анау-мынау кикілжің, өзара жік, топ деп бөліну дегеннің бәрін тоқтаттық.
Қаламгерлердің кітабын шығарып, стипендия алуына, жағдайының жақсаруына мүмкіндік жасадық. Облыстардағы филиалдардың мәртебесін көтердік. Олармен өңір әкімдігі санасатын деңгейге жетті. Қаншама халықаралық форумдар өткіздік. Айта берсек, жетістік көп.
Пандемия кезінде 2 жыл дұрыс жұмыс істей алмадық. Ауырған адамды емдеумен, қайтыс болған адамды жерлеумен жүрдік. 5 жылымыздың қалған үш жылында белсенді жұмыс істеп, талай дүние жасадық.
– ҚР Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қаринмен кездесуіңіз туралы әлеуметтік желіге жазба қалдырып, артынша алып тастапсыз ғой. Неге?
– Өте жақсы әңгіме болды. Сол туралы жазып едім, біреулер хабарласып: «Сіз Қаринмен кездесіпсіз ғой. Ақбереннің қызметтен кетуіне соны айыптап жатыр», – деді. Содан зияны тимесін деп алып тастадым. Басқа ештеңе де емес. Бірақ біз әдебиеттің мәселесін, қаламгерлердің мұң-мұқтажын айтып едік. Кітап сату, қаламақыны көбейту мәселесін тілге тиек еттік. Мемлекеттік тапсырыспен шығатын кітаптардан қаламақы берілмейді.
Жылына 60-65 кітап қана сатылады. Ол не болады? Шығармашылық ұйымдарды мемлекеттің стратегиялық әріптесі деп танып, бюджеттен қаржы беру жайы сөз болды.
Меніңше, бұдан кейінгі жағдай тәуір болады. Ғимаратымыздың бір жағы қаланың есебінен күрделі жөндеуден өтті. Оған президенттің өзі араласты. Шығармашылық кештерді өткізетін әдебиет залы тозып тұр. Былтыр өте аз ақша бөлді. Себебін сұрасақ, құжат бойынша сондай дейді. Сөйтсек, бұған дейінгі құжатында залдың аумағы азайтылып жазылыпты. Қағазбастылықтың салдарынан құжатты қайта жасағанша бір жыл кетті. Жақында күрделі жөндеу жұмысының жобасына қол қойдым. Жоба бойынша, мүгедек қаламгерлердің де арбамен емін-еркін кіруін ескеріп, мүмкіндік жасауды қарастырдық. Бұйырса, жылдың аяғында күрделі жөндеу жұмыстары басталса, келесі жылы бітетін шығар.
Жазушылар одағы.
– Құрылтай қашан өтеді?
– Осы жазға дейін өтеді. Жақында әдеби жыл қорытындысын өткізіп, екінші күні пленум жасаймыз. Содан кейін уақыты нақты болады. Басқарма мүшелері күн тәртібіндегі бір ғана мәселе – құрылтайдың уақытын белгілейді.
– Сіз төрағалыққа қайта түсесіз бе?
– Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы болған соң «ТҮРКСОЙ» ұйымы да түркі дүниесі жазушыларының одағына төраға етіп сайлады. Олар маған: «Сіз қайта түсіңіз. Өйткені, бізге екі жұмысты қатар алып жүргеніңіз керек», – деді.
Орнымда қалсам, өзіміздің жазушыларды түркі әлеміне танытуға көбірек септігім тиеді деп ойлаймын. Ал жұмысымды нашар істеп, маған «орныңнан кет!» деп жатса, бір күн де отырмаймын.
Қазір жазушылардың өздері «Қайтадан түссең, біз саған дауыс береміз. Сенің жасағаныңды ешкім істеген жоқ. Сенің тұсыңда көп жақсылық жасалып жатыр» дейді. Содан кейін «түсейін» деп шештім. «Қолыңнан келмеді, төрағалық қызметті атқара алмадың» десе, әңгіме басқа.
– Бұған дейінгі құрылтайлар да айқай-шусыз өтпеп еді...
– Ол бұрынғы басшы «кетпеймін» дегеннен кейін шыққан шу ғой. Сөйтсек, бұрынғы басшылық одақты көп қарызға батырып қойған екен. Бәлкім, жауып кетемін деп ойлады ма, білмеймін. Бірақ дауыс берудің нәтижесінде кетірді ғой. Біздің қазір ондай қарызымыз жоқ. Әйтеуір жеткізіп келеміз. Мемлекет бюджетінен ақша алмаймыз. Бірақ бірді бірге жеткізіп келе жатқан жайымыз бар.