Ұлыбританиядан пана сұраған банкир Жомарт Ертаевтың әйелін ағылшындық фирма сотқа берді
Қазақстандық RBK банктен қаржы жымқыру ісі бойынша сотталған бұрынғы банкир Жомарт Ертаевтың әйелі Нұргүл Ертаеваны Ұлыбританияда құқықтық фирма сотқа берген, деп хабарлайды Азаттық радиосы.
Алматы, NEGE. Ертаева Ұлыбританиядан баспана сұрау мақсатында құқықтық фирманың қызметіне жүгінген. Кейін оның шектен тыс қымбат екенін айтып, ақысын азайтуды сұраған. Бірақ істі жүргізген Farrer & Co оны сотқа берген.
Англия және Уэльс жоғары соты сот шығындары жөніндегі судьясының шешіміндегі мәлімет бойынша, Нұргүл Ертаева 2018 жылы маусымда қызының университет бітіру салтанатына қатысу үшін Ұлыбританияға барады. Қазақстанда бұрынғы күйеуіне қарсы оқиғалар болып жатқандықтан, ол Ұлыбританиядан баспана сұрауды ұйғарады. Сөйтіп, Farrer & Co компаниясындағы орыс тілді заңгер Елена Хинчинмен келісімге келеді.
«Оған бұл жұмыстың ақысы 200 мың мен 280 мың фунт-стерлинг (қазіргі бағаммен 117-164 млн теңге) аралығында болатыны айтылады, бұған адвокаттың және басқа үшінші тараптың гонорары кірмейді. 2020 жылғы қыркүйекте берілген соңғы шот бойынша төлем 194 мың фунт-стерлинг, төленбеген қалдық 124 мың фунт-стерлинг болған», – деп жазады бұл жөнінде Ұлыбританиядағы салалық Law Society Gazette басылымы.
Мақалада заңгерлік фирма қызметі үшін сағатына 200-600 фунт-стерлинг (117 мың-352 мың теңге) аралығында ақы алатыны айтылған.
Нұргүл Ертаева Ұлыбританиядан саяси баспана іздеп жүрген тұста Қазақстан құқық қорғау органдарының өтінішімен Мәскеуде ұсталған оның күйеуі Жомарт Ертаев Ресейден баспана сұраған. «Алаяқтық жасады», «бөтеннің сеніп тапсырған мүлкін иеленді» деп айыпталған Ертаев өзі саяси себеппен қудаланып жатқанын айтқан.
Ертаева да Ұлыбританиядан баспана сұрау кезінде Қазақстандағы адам құқықтарының «бұзылатынына», «әділ сот жоқтығына» назар аудартуға тырысқан, «адамгершіліктен жұрдай, кісінің қадір-қасиетін қорлайтын жағдайдағы» түрмеде отыруы мүмкін екенін айтып араша сұраған.
Нұргүл Ертаева заңгер гонорарын азайту туралы уәжінде жан күйзелісіне, арыз беру уақытының аздығына және ағылшын тілін нашар білуіне байланысты өзін «бейшара» сезінгенін және британ заңгерлері алдайды дегенге сенбегенін айтқан.