13 Мамыр 09:47
...

Ұлыбританияда Бергей Рысқалиевті аңдыған тыңшылар сотталды

Тыңшылар
Фото: әлеуметтік желіден

Ұлыбританияның Корольдік прокурорлық қызметінің мәліметінше, Ресейдің пайдасына тыңшылық жасады деп айыпталған Болгарияның 6 азаматы 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылды.

Алматы, NEGE. Топтың жетекшісі Орлин Русев ең ұзақ мерзімге – 10 жыл 8 айға қамаоды. Қалған мүшелері де түрлі мерзімге сотталды: Бизер Джамбазов – 10 жыл 2 ай, Катрин Иванова – 9 жыл 8 ай, Ваня Габерова – 6 жыл 8 ай 3 апта, Тихомир Иванчев – 8 жыл, Иван Стоянов – 5 жыл 3 апта.

Тергеу деректеріне сәйкес, Орлин Русев басқарған топ ресейлік тапсырыс берушілер үшін қызығушылық тудыратын адамдар мен нысандар туралы ақпарат жинаумен айналысқан. Олардың арасында Қазақстанның бұрынғы саясаткері Бергей Рысқалиев те болған.

Тағы бір операция Қазақстанның Лондондағы елшілігіне қарсы бағытталған. 2022 жылдың қыркүйегінде олар жалған наразылық акциясын ұйымдастырып, кейін оның «ұйымдастырушылары» туралы мәліметті Қазақстан билігіне беруді көздеген. Осы арқылы ресейлік кураторлардың Астана алдындағы беделін көтергісі келген.

«Рысқалиев мырзаны аңду операциясы Русев, Бизер Джамбазов, Иван Стоянов және Ваня Габерова тарапынан жүргізілген.  Рысқалиевпен байланысты деп болжанған орындарда кезекшілік ету және сол мекенжайларға кіру жолдарын зерттеу бақылауда болған. Рысқалиевтің екі көмекшісі Стояновты Лондонда оның резиденциясының маңында тұрақта тұрған көліктен бақылау жүргізіп отырған сәтінде видеоға түсіріп алған. Олар не істеп жүргенін сұрағанда, өзін жақын маңдағы аурухананың қызметкері ретінде таныстырған, кейінірек бұл сөзін дәлелдеу үшін көлігіне Ұлттық денсаулық сақтау қызметінің логотипі бар белгі қойған».

Сонымен қатар зерттеуші-журналистер Христо Грозев пен Роман Доброхотов топтың басты назарында болған. Сотталғандар олардың жүріп-тұрған орындарын бақылап, тіпті ұрлап кетуді де жоспарлаған.