28 Қараша 17:06
...

«Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай мерекелік іс-шаралар жоспарын бекіту маңызды» – Тоқаев

Ақорда
Фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев шағын құрамда өткен отырыста мемлекеттер басшылары халықаралық және өңірлік қауіпсіздіктің өзекті мәселелері жөнінде пікір алмасқанын айтты.

Алматы, NEGE. Сондай-ақ Қазақстанның төрағалығы аясында ҰҚШҰ-ның биылғы қызметі қорытындыланғанын жеткізді.

– Кездесу қорытындысы ұжымдық қауіпсіздікке төнетін қауіп-қатерге қарсы жұмыла әрекет етуге дайын екенімізді тағы да растады. Пікірталас барысында халықаралық күн тәртібіндегі мәселелер бойынша ұстанымдарымызды жеткіздік. Біздің қазіргі жағдайға ортақ бағамыз және ҰҚШҰ-ның одан әрі дамуына көзқарасымыз Қазақстанның бастамасымен әзірленген Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің декларациясында көрініс тапты. Ұлы Жеңістің 80 жылдығын мерекелеуге ерекше мән берілді. Ардагерлердің майдандағы және тылдағы ерлігі есімізде мәңгі сақталады. Оларды әрдайым мақтан тұтамыз, құрметтейміз. Айтулы мереке қарсаңында ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің мәлімдемесін қабылдау, сондай-ақ Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай мерекелік іс-шаралар жоспарын бекіту маңызды деп санаймыз, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Қазақстанның ҰҚШҰ-ға төрағалығы аясында Ұйым жарғысына сай ынтымақтастық бағыттары бойынша 60-қа жуық іс-шара ұйымдастырылған. Халықаралық аренада келісілген ұстанымдарды ілгерілету бойынша серіктестермен бірлесе жұмыс жүргізілді.

– Биыл қабылданған саяси құжаттар легіне ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің жалпы бағалауы негіз болды. Олардың ішінде халықаралық ақпараттық қауіпсіздік, ғарыш саласындағы ынтымақтастық мәселелері мен Таяу Шығыстағы ахуалға байланысты, сондай-ақ Белоруссияны басқыншылардан азат етудің 80 жылдығына орай қабылданған мәлімдемелер бар. Жыл бойы ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің күштері мен құралдарының әскери дайындығына мұқият назар аударылды. Бүгін біз ҰҚШҰ күштері мен құралдары мәртебесіне және әскери контингентті тасымалдауға қатысты халықаралық келісімдердің екі хаттамасына қол қоямыз. ҰҚШҰ-ға мүше елдердің бітімгерлік күштерінің дайындық деңгейі мен жауынгерлік машығын жетілдіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қыркүйек-қазан айларында елімізде «Мызғымас бауырластық-2024» ҰҚШҰ Бітімгершілік күштерінің командалық-штабтық оқу-жаттығулары мен «Жартас-2024» ҰҚШҰ арнайы оқу жиыны өтті. Аса қауіпті нысандардағы күрделі апаттық-құтқару жұмыстарын жүргізудің бірлескен іс-қимылы пысықталды, – деді Қазақстан Президенті.