16 Маусым 14:00
...

Үлескерлік құрылыс қаупі НЕГЕ сейілмей отыр?

Фото:
Үлескерлік құрылыс деген ұғыммен біз 2004 жылдардан бастап таныса бастадық. Және ең өкініштісі, оның елде жұмыс істеген алғашқы толқыны талай адамды сорлатты, деп жазады ИпотекаБлог. Әлемдік қаржы дағдарысы басталған кезде еліміздің ірі қалаларында аяқталмай қалған құрылысты аяқтау үшін мемлекет қыруар қаржы жұмсауға мәжбүр болды

.

Шын мәнінде, осының барлығы халықтың қаржылық және құқықтық сауатсыздығынан, жарнама мен құрғақ уәдеге сенгіштігінен пайда болған проблемалар еді. «Халқы сенгіш болса, алаяқтары да семіз болады» деген қағиданың қалтқысыз жұмыс істейтінін көріп отырмыз. Тіпті қазір де, арнайы заң қабылданып, прокуратура органдары жарғақ құлағы жастыққа тимей, құрылыстағы заңсыздықтарды бақылап отырған күннің өзінде де, үлескерлікке халықты тартып, алдағысы келіп жүретіндер аз емес.

 

Үлескерлік деген не?

Үлескерлік деген – құрылысы аяқталмаған, көбінесе тіпті әлі салынбаған құрылысқа болашақ сатып алушыларды тартып, олардың қаржысын пайдаланып, құрылыс жүргізу. Әдетте құрылыс компаниясы үлескерлерді тарту туралы жарнама беріп, пәтер алғысы келетін азаматтардан өздері таңдаған болашақ пәтер құнының кем дегенде жартысын алдын-ала алып алады. Қалған қаржыны болашақ пәтер иесі құрылыс біткен мерзімге дейін арнайы жасалған кесте бойынша төлеп бітуі тиіс. Төлеп біткеннен кейін, азамат құрылыс компаниясы алдында өз міндетін толықтай орындаған болып есептеледі. Құрылыс компаниясы үйді салып бітіп, пәтерді ақшасын құйып қойған азаматқа аударып беруі тиіс. Құқықтық тұрғыдан Қазақстан Республикасының Электронды үкіметі мәліметінше, «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» Қазақстан Республикасының 2016 жылғы 7 сәуірдегі  Заңына сәйкес, тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу – тараптардың тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шартқа негізделген қатынастары. Жай сөзбен айтқанда – сіз ақша төлейсіз, ал сізге үй салып береді.

 

Үлескерлік құрылыстың басымдықтары мен кемшіліктері

Жалпы, бұл өте қауыпті сала. Алданып қалу, құрылыстың аяқталмай тоқтап қалуы, құрылыс компаниясының банкроттыққа ұшырау қаупі өте жоғары. Сол себепті, мысалы ипотекалық бағдарламалар бойынша құрылысы аяқталмаған, құжаттары дайын емес үйлерге банктер несие бермейді. Мемлекет үшін ең алдымен азаматтардың қаржылық қауыпсіздігі, алаяқтық әрекеттен қорғалуы басты назарда. Сондықтан, ипотека бойынша несие алғыңыз келсе, сіз таңдаған пәтер не үй заң жүзінде пайдалануға беріліп, оның құжаты болуы қажет.

 

Ал қандай артықшылығы бар?

Менің ойымша, артықшылығы тек бағада ғана. Қазір нарықта жылжымайтын мүлік бағасы тым жоғары болып тұр. Мұндай жағдайда үлескерлік құрылыс нарықтағы бағаларға қарағанда пәтерді 20-30 пайызға арзанға сатып алуға мүмкіндік береді. Тек оның есесіне сіз үй салынып біткенше дейін күтуге және туындап қалуы мүмкін түрлі қауыптерге дайын болуыңыз тиіс.

 

Үлескерлік құрылысқа қатысудың қандай жолдары бар?

Үлескерлік құрылысты тек бір ғана заң реттейді. Ол «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» Заң. Құрылыс компаниялары ұсынып жүрген түрлі инвесторлық келісім-шарттар, басқа да уағдаластықтың барлығы заңсыз болып табылады. Егер құрылыс компанияларының ол әрекеті анықталса, әкімдік пен прокуратура тарапынан жауапқа тартылады.

Аталған заң бойынша, құрылыс компаниясы үлескердің ақшасын үш жағдайда ғана тартуға құқылы:

  • құрылыс нысанының Тұрғын үй құрылысын кепілдендіру қорынан берілген кепіл құжаты болуы тиіс;

  • құрылыс жобасына екінші дәрежелі банктер қатысуы қажет;

  • үйдің каркасы тұрғызылып, құрылысты жалғастыруға әкімдіктің рұқсат қағазы болуы тиіс.

Барлық үш жағдайда да құрылыс компаниясы мен үлескердің арасында келісім-шарт жасалып, ол әкімдікте тіркелуі міндетті.

Баска кез келген жол заңсыз деп саналады. Бұндай жағдайда азамат алданып, зардап шегуі мүмкін. Оған ешкім ақшасын қайтаруға және компания банкротқа ұшыраған жағдайда құрылысты аяқтауға кепілдік бермейді. Сарапшылардың айтуынша, қазір нарықта шамамен 7 мыңдай құрылыс компаниясы бар. Олардың барлығы бірдей адал, өз ісіне жауапты қарайды деп айта алмас едік.

Сондықтан, үйді үлескерлік құрылыс арқылы аларда, жеті рет өлшеп, бір рет кескен артық етпейді.

Тегтер: