Ұлағатты ұстаз «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды
Алматы, NEGE. Соның ішінде Алматы облысы, Қарасай ауданы, Қаскелең қаласындағы Б.Соқпақбаев атындағы мектеп-гимназия директоры Қорлан Дәуітханқызы Тұрсынова президент Қ.Тоқаевтың жарлығымен «Ерен еңбегі үшін» медаліне ие болды.
Отыз жылға жуық білім саласында түрлі қызметте болған Қорлан Дәуітханқызы соңғы 15 жылда мектеп директоры лауазымын абыройлы атқарды. Қазақ тілі мен әдебиетінің педагог-шебер біліктілігі санатындағы ұстаз бұған дейін Оқу-ағарту министрінің бұйрығымен жас ұрпақты оқыту және тәрбиелеу ісіндегі елеулі табысы үшін «Ы.Алтынсарин» төсбелгісін кеудесіне таққан еді.
Сонау 1994 жылы Алматыдағы Қазақ Қыздар педагогикалық институтын қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі мамандығы бойынша тәмамдаған ұлағатты ұстаз Қорлан Дәуітханқызы еңбек жолын 1998-1999 жылы Алматы қаласындағы «Дарын» әлеуметтік-гуманитарлық институтында қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі қызметінен бастаған. Ал 1999-2001 жылдар аралығында Алматы қаласындағы №153 мектеп-гимназиясында мұғалім, 2001-2004 жылдары Алматы облысы, Қарасай ауданы М.Маметова атындағы орта мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі және директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарған. 2004-2009 жылдары Алматы облысы, Қарасай ауданы, Іргелі ауылдық округінің әкімдігінің бас маманы болып жұмыс істесе, 2009 жылдың желтоқсанында Алматы облысы, Қарасай ауданы, М.Ғабдуллин атындағы орта мектеп директоры болып тағайындалды.
2011 жылы Қаскелең қаласындағы Қ. Сәтбаев атындағы орта мектебінің директоры, ал 2023 жылы ротациялау тәртібімен Н. Әлімқұлов атындағы орта мектебін басқарды. 2023 жылдың оқу жылынан бері Қаскелең қаласындағы Б.Соқпақбаев атындағы мектеп-гимназия директоры қызметін жемісті атқарып келеді.
Білім саласының өркендеуіне үлес қосып келе жатқан шығармашыл педагог, білікті басшы Қорлан Тұрсынова мұғалімдерге үнемі әдістемелік көмек көрсетумен қатар, жас мамандарға тәлімгерлік етуден жалыққан емес. Мектеп педагогтарының ізденісі мен өзін-өзі дамуына көп көңіл бөлетін мектеп директоры алған марапаты жайында былай дейді.
«Білім саласындағы 26 жыл еңбек өтілімнің 15 жылында мектеп директоры қызметін атқарып келемін. «Мұғалім – мектеп жүрегі». Ұстаз болу – адамның асылдығы. Өмірдегі көп мамандықтардың ішінде жан-жақты білімділікті, икемділікті, шеберлікті, ерекше шәкіртжандылықты, мейірімділікті қажет ететін мамандық та – ұстаздық. Бұл саланы таңдап, ұзақ жыл ыждаһатты еңбек етуімнің себебі де осы. Өзім балаларды жақсы көремін, мейірім шуағын төгуге тырысамын. Ең басты құндылық – бала тәрбиесіне, білім сапасына мән беремін. Оқушыларымыз да қуантып, жетістікке жетіп жүр.
Ал «Ерен еңбегі» медалі – мен үшін құнды. Республика күні қарсаңында марқайып қалдым. Себебі, бұл марапат білім саласындағы табанды еңбегімнің жемісі деп ойлаймын. Бес жылдан бері ұстаздық етіп қана қоймай, мектеп директорлары мен мұғалімдерін оқытып, әдістемелік жұмысын дамыту мақсатында республика бойынша тәжірибе таратып келемін. Біраз авторлық бағдарламам бар. Мұның жемісі де жоқ емес», – деді ұлағатты ұстаз.