21 Маусым 14:11

ҰҚШҰ Сыртқы істер министрлері Алматыда бірқатар құжатқа қол қойды

Kazinform
Фото: Kazinform

Алматыда ҰҚШҰ Сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысы болды. Жиынға Қазақстан Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу төрағалық етті, деп хабарлайды Kazinform. 

Алматы, NEGE. – ҰҚШҰ бүгінде ұжымдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған тиімді және сұранысқа ие халықаралық құрылым ретінде әрекет етеді. Жаңа ғана шағын құрамда әріптестермен халықаралық пен өңірлік ахуалдың даму тенденцияларын және оның ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің қауіпсіздігіне әсерін жан-жақты талқыладық. Пікір алмасу өзекті сын-қатерлер мен ұжымдық қауіпсіздік қатерлерінің жолын кесуге бәріміз мүдделі екенімізді көрсетті, - деді Мұрат Нұртілеу.

Сондай-ақ Қазақстан премьер-министрінің орынбасары – сыртқы істер министрі өз сөзінде Ауғанстан мен Таяу Шығыстағы ахуалға тоқталып өтті. Оның айутынша, Таяу Шығыстағы дағдарыстың жалғыз шешімі – Палестина мемлекетін құру.

– Ауғанстан мен Таяу Шығыстағы ахуалдың қазіргі жағдайы мен даму перспективалары бойынша бағалаулар салыстырылды. Көпжылдық қақтығыстың жалғыз шешімі Шығыс Иерусалимде астанасы орналасқан 1967 жылғы шекарада Палестина мемлекетін құру екеніне сенімдіміз. Жалпы, БҰҰ Жарғысы мен халықаралық құқықтың жалпыға бірдей танылған нормалары негізінде барлық дауларды бейбіт жолмен шешуге шақырамыз, - деп атап өтті Мұрат Нұртілеу.

Жиын барысында ҰҚШҰ бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетовтің бастамасымен бірқатар құжатқа қол қойылды. Олар:

– Ғарыш кеңістігін бейбіт мақсатта пайдалану жөнінде мәлімдеме;

– Ақпараттық қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық мәселелері бойынша мәлімдеме;

– Таяу Шығыс пен Солтүстік Африкадағы жағдай туралы мәлімдеме;

– Беларусияның нацистік басқыншылардан азат етілуінің 80 жылдығына арналған мәлімдеме;

Сондай-ақ ҰҚШҰ СІМ министрлері 2013 жылдан бері атқарылып келе жатқан ҰҚШҰ-ның тәжік-ауған шекарасын нығайту жөніндегі мақсатты мемлекетаралық бағдарламаны бекітті.

Жиын аяғында келесі отырыстың уақыты белгіленді. ҰҚШҰ СІМ кеңесінің келесі отырысы биыл қараша айында ҰҚШҰ Ұжымдық Қауіпсіздік Кеңесінің сессиясы қарсаңында Астанада өтеді.