ҰҚШҰ отырысы сәтінен Тоқаевтың ерекше суреті пайда болды
Астанада Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының (ҰҚШҰ) Қауіпсіздік кеңесінің отырысынан Қасым-Жомарт Тоқаевтың ерекше суреті пайда болды.
Алматы, NEGE. Суреттің авторы – фотограф Сапарбек Жақсылық. Кадр ортасында – Қазақстан Президенті, оның бет-жүзіне жарық түсірілген. Қасым-Жомарт Тоқаев күлімсіреп тұр, оның пиджагінде мемлекеттік ту түріндегі белгі бар. Сурет ҰҚШҰ отырысынан кейін мемлекет басшылары кулуарда сөйлесіп тұрғанда таспаланған.
Еске салайық, 28 қараша күні Астанада Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының (ҰҚШҰ) Қауіпсіздік кеңесінің отырысы болды. Отырысқа мүше мемлекеттердің басшылары, атап айтқанда Ресей президенті Владимир Путин, Беларусь президенті Алекскандр Лукашенко, Қырғызстан президенті Садыр Жапаров және Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон, сондай-ақ сыртқы істер және қорғаныс министрлері, қауіпсіздік кеңестері хатшылары мен парламент өкілдері қатысты.
Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде «ҰҚШҰ жай ғана әскери әріптестік емес» деп атап өтті.
«Қазіргі заманғы сын-қатерлер жағдайында ҰҚШҰ барлық қатысушы елдер үшін қауіпсіздік кепілі ретінде өзінің өзектілігін дәйекті түрде көрсетіп келеді. ҰҚШҰ жай ғана әскери әріптестік емес, ол мемлекеттеріміздің егемендігі мен аумақтық тұтастығын қорғау үшін күш-жігеріміз бен ресурстарымызды біріктіретін бірегей тетік екенін атап өткен жөн», – деді мемлекет басшысы.