6 Сәуір 18:47
...

Украинадағы соғыста «Арланның» қайдан пайда болғаны анықталды

Фото:
«Қазақстан  Парамаунт Инжиниринг» ЖШС Украинаның Мариуполь қаласының ұрыс жүріп жатқан көшелерде қазақстандық «Арлан» бронды машинасы қадыровшылардың қолына қалай тигені жайында

Nege.kz тілшісіне түсініктеме берді. Аталған компания 2019 жылы Росгвардияға бір көлік «тарту» етіпті.

«Қазақстан  Парамаунт Инжиниринг» ЖШС таратқан дерекке қарағанда, бұл әскери көлік сынақтан өткізу үшін берілген.

«Бұдан кейін ынтымақтастық жалғасқан емес. Қазіргі кезде Ресей тарабының компаниялары, ведомстволары және басқа да өкілдіктерімен «Қазақстан Парамаунт Инжиниринг» компаниясының қандай да бір келісімдері жоқ, жоспарлап жатқан да жоқ», – деп жауап берді компанияның баспасөз қызметі.

Фото: kpe.com.kz

Баспасөз қызметінің айтуынша, бронды транспорт жеке және заңды тұлғаларға сатылмайды. Тек қана пайдалануға рұқсат етілген мемлекеттік органдарға ғана сатылады.

«Әрбір келісім-шарт Қазақстан Республикасының тиісті мемлекеттік органдарының келісімінен өтеді. Бүгінгі күні компанияның экспорттық келісім шарттары жоқ», – дейді компанияның баспасөз қызметі.

Қазақстандық әскери техниканың қадыровшылардың қолына қалай түскені жайында мемлекеттік органдардан мардымды жауап ала алмадық. Қорғаныс министрлігі Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне, соңғысы «Қазақстан инжиниринг» компаниясына, бұл компания «Қазақстан Парамаунт Инжинирингке» сілтеді. Айналып келгенде бір ЖШС-дан жауап алуға тура келді.

«Росгвардияға» берілген жалғыз «Арлан» енді Украинадағы соғыста жүр. Украинаға басып кірген ресейлік әскердің, атап айтқанда, шешен сарбаздарының көлігі ғана емес, сауытына да айналыпты.

Мариуполь көшесіндегі «Арлан». Фото: telegram.org

Кез келген адамның қолында смартфон жүрген заманда бірдеңені жасырып қалу мүмкін емес. Әсіресе, шешен сарбаздары әлеуметтік желіде өте белсенді. Алайда Рамзан Қадыровтың әскерін украиналықтар «тик-ток әскер» деп атап жүр. Өйткені, ресейлік басқа әскери күштердің бөлімшелеріне өздерін әлеуметтік желіде жарнамалауға тыйым салынған көрінеді.

«Военный осведомитель» атты телеграм-канал кеше қазақстандық «Арлан» бронды транспортерінің суретін жариялады. Онда бұл фото-суреттің бір айдан бері қызу ұрыс жүріп жатқан Мариуполь көшелерінің бірінде түсірілгені айтылған.

Қазақстандық техниканың Ресей жағында соғысқа тартылғаны жөніндегі алғашқы ақпарат емес. 18 наурыз күні «Арланның» Украинадағы соғыста төбе көрсеткені белгілі болды. Техника Шешенстан Республикасындағы Росгвардияға тиесілі екені айтылады.

Қадыровшылардың қолындағы «Арлан». Фото: twitter.com

Соғыс басталғалы бері «Арлан» үш мәрте камераға түсіп қалыпты. Екі суретте көлікке Рамзанның әкесі ­­Ахмат Қадыровтың бейнесі бар ту ілінген.

«Выход к морю» атты телеграм-каналдың мәліметінше, Conflict Intelligence сарапшысы Руслан Левиев жариялаған видеода «Арланның» Ресей жерінде қадыровшылардың сапында кетіп бара жатқаны көрінген. Бір қызығы, Оңтүстік Африка Республикасы әзірлеген бұл көлік бастапқыда Marauder деп аталыпты.

Десе де, кейбір БАҚ-көздері Шешенстан басшысына қазақстандық көлік сый ретінде тартылуы мүмкін екенін тұспалдайды.

Танымал журналист Геннадий Бендицкийдің жазуынша, 2014 жылдан 2015 жылға дейін миллиардер Кеңес Рақышев «Қазақстан  Парамаунт Инжиниринг» ЖШС-ның директорлар кеңесінің мүшесі болып қызмет атқарған. Және оған бағынышты құрылымдар өндірістің бір бөлігін бақылап отырыпты. Қазақстандық әскерилерге арналған бронды техниканы сатып алуды Рақышовтың қайынатасы ­– Иманғали Тасмағамбетовтың өзі лобби жасаған екен.

Бронды техника қарулы күштердің сапына алынған соң, 2020 жылы Қорғаныс министрлігі «Арланға» тапсырыс беруді күрт қысқартқан. Оның үстіне, «Қазақстан Парамаунт Инжиниринг» ­­– Иманғали Тасмағамбетов директорлар кеңесіне кіретін ресейлік КАМАЗ-дың серіктесі көрінеді.

Ортада К.Рақышев пен Р.Қадыров. Фото: ғаламтордан

Кеңес Рақышов пен Рамзан Қадыровтың арасында достық бұқаралық ақпарат құралдарында бұрыннан аңыз болып айтылып келеді. Шешенстан басшысы Кеңес Рақышевке БТА банктің ресейлік активтерін алуға көмектессе, қарыз болып қалмасы үшін Рақышев Қадыровтың «сарайын», Шешенстандағы бас мешітті салуға қолғабыс жасаған.

Айта кету керек, «Қазақстан Парамаунт Инжиниринг» ­– MRAP технологиясы бойынша бронды машина жасайтын біріккен (Қазақстан мен ОАР) кәсіпорын. Жоғары маневрлі «Арланды» шығарады. Көлік экипажды мина мен ұрымтал шабуылдан қорғай алады. Зауыт жылына 300 техника шығаруға қауқарлы. 

Тегтер: