Украинада жұмыссыздар саны жарты миллионнан асты
Карантин кезінде Украинадағы ресми тіркелген жұмыссыздар саны жарты миллион адамнан асты. Сөйтіп, мемлекет бойынша жалпы жұмыссыздық деңгейі 16 процентті құрап отыр.
Алматы, NEGE. Бұл соңғы 15 жылдағы ең жоғары көрсеткіш. Мемлекеттік жұмыспен қамту қызметі 6 тамызда жариялаған ақпаратқа сай, Украинада жұмыссызбын деп ресми тіркелген адам саны 502 мыңға жетті. Алайда еңбек нарығының сарапшы мамандары бұл сан он тіпті он бес есеге дейін артық деп байбалам салуда. Жұмыссыз қалған жарты млн-ға жуық Украина азаматы қызметпен қамту орталығына жүгінген. Олар ресми түрде жұмыссыз қалғаны үшін үкіметтен жәрдемақы алуға құлықты. Украинада мұндай мемлекеттік көмек айына шашамен 40 долларды құрайды.
Екі айдан астам уақытта бұл кәсіптің тынысы тарылып бітті, өйткені осы уақыт аралығында Украинада бұл бизнес жұмысын толығымен тоқтатты. Карантин кезінде азық-түлік дүкендері, көлікті жөндеу орталықтары, дәрі-дәрмек қана сатылды, қалғаны жұмыс жасамай, тұралап қалды. Бұл дегеніміз киім-кешек, өндірістік тауарлар мен өзге де қызмет түрлері күтпеген дағдарысқа тап болды деген сөз. Сондықтан жүздеген адам бір уақытта жұмыссыз қалғандарын жариялады. Көктемде басталған карантин салдарынан уақытша қызметсіз қалғандар тұрақты жұмыссыздар қатарына көшкен. Көптеген шағын бизнес мұндай дағдарысты көтере алмай, жұмысын толығымен тоқтатуға мәжбүр болған.
Үкімет бизнесті қолдауға 65 млн АҚШ долларын бөлгенмен, бұл қаражат көп көмектесе алған жоқ. Ақша жұмыссыздық бойынша жәрдемақы мен салықты өтеуге жұмсалған. Сондай-ақ, карантин басталған мерзімнен бастап шет елде нәпақасын тауып жүрген 300 мыңға жуық украиналықтар отанына оралған, оларды да қызметпен қамтамасыз ету қажеттігі маңызды болып тұр.
Коронакризистің салқынынан Украина экономикасы сезе бастаған: ішкі жалпы өнім 6,5 процентке қысқарды. Сарапшылар, карантин жалғасын тапса бұл құлдырау 11 процентті құрауы мүмкін деп болжайды. Жығылғанға жұдырық: төрт күн бойы Украинада коронвирустың таралуы қатты өршіп тұр: тәулігіне вирус жұқтырғандар саны бір жарым мың адамға жеткен.