«УКРАИНАДА дәл осылай басталған»: Сепаратистер НЕГЕ көбейіп барады?

ЕЛЕНСКИЙГЕ «кеңес беремін» деп Анна БАШИНСКАЯ мәслихаттағы жылы орнынан да, партия билетінен де айырылды. Ол Зеленскийге «Қырымға емес, Түркияға басып кір» деп жазған-ды. Мұнысы – Ресейге бүйрегі бұрып тұрғаны.
Соңғы кездері мұндай жайттар белең алып кетті. Әлеуметтік желілерде «Қазақстанның солтүстігі – Ресейдің жері» деген секілді мәлімдемелерден аяқ алып жүргісіз. Соғыс болса, Ресей жағында қолына қару алатынын ашық айтып жатқандар да аз емес.
Мәселен, әлдебір топтың «Петропавл қаласы еңбекшілерінің халық кеңесі» құрылғаны жөніндегі мәлімдемесі елді тіксінтіп тастады. Сол Петропавл қаласының үш тұрғыны енді сепаратизм бабымен тергеліп жатыр. Билік бұл жайттан «Қазақстанның аумақтық тұтастығын бұзуды насихаттау» белгілерін ресми түрде анықтады.
Әйтеуір, бірі қызметінен, бірі бостандығынан айырылып жатса да, теріс пиғылдылар айылын жияр емес.
Бұл – Украина мен Ресей арасындағы соғыстың әсері ме? Соның салқыны Қазақстан қоғамына жік түсіріп отыр ма? Билік бұған қандай шара қолдануы тиіс?
NEGE бұл сауалдарды танымал адамдарға қойып көрді.
Арман ШОРАЕВ, қоғам белсендісі:
Ресейдің «үндеместері» өте көп
– Ресейліктердің оңбағандық жасап жатқанының бір себебі Қазақстанның санкциялардан айланып өтуге жол бермеуінде жатыр. Таяуда АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен, екі-үш күннің ішінде АҚШ және Еуроодақтың лауазымды шенеуніктері келіп кетті. «Ресейге көмектессеңіздер, санкцияға ұшырайсыздар» деп ескертті.
Ресей үшін паралельді импорт, яғни санкцияны айланып өтетін жалғыз жол – Қазақстан. Жеті жарым мың шақырым «шұрық-тесік» шекарамыз бар. Санкцияға іліккен тауарлардың 99 пайызы біздің жеріміз арқылы тасымалданып жатыр.
Ол тоқтаса, Ресейдің күні бітті деген сөз. Зымырандарын құрастыра алмайды, әскери техникалары тоқтап қалады. Әрине, Қазақстанды өз орбитасында ұстап тұру – оларға ауадай қажет нәрсе.
Біздің елімізде Ресейдің «үндеместері» өте көп. Сондықтан, әлгі сепаратистер солардың қызметкерлері секілді. Штаттан тыс, басқа болса да. Бұл соның көрінісі деп ойлаймын.
Петр СВОИК, саясаткер:
Өмірде ақымақтар аз ба?
– Башинская деген депутат туралы бірінші рет естіп тұрмын. Бірдеңені жаза салған шығар. Бұл жөнінде сөз етуге де тұрмайды. Әлеуметттік желіде Петровлда бір топ адамның тосын мәлімдеме жасағанын, олардың үстінен қылмыстық іс қозғағанын білемін.
Менің ойымша, бұл маңызды нәрсе емес. Біртүрлі адамдар. Өмірде ақымақтар аз ба? Бұл да – соның бірі.
Әрине, Украинадағы соғыс Қазақстан қоғамына қатты әсер етті. Көп уақыт болды. Жұртты дүрліктіріп, екіге жарды. Өйткені, бұл – соғыс. Соғыс қашанда жаман нәрсе. Әсіресе, бауырлас халықтар арасындағы соғыс. Соғыста екі тараптың өз шындығы пайда болады. Меніңше, бұл соғысты дереу тоқтатқан абзал.
Меніңше, бұл мәселеде біздің билік байсалды саясат ұстанып отыр. Қылмыстың құрамы болса ғана, органдар қарап жатыр. Бұл мәселені саясиландырмай отыр. Және сонысы жөн деп білемін.
Тоғжан ҚОЖАЛЫ, саясаткер:
Бұл – Ресей насихатының ықпалы
– Кеңес дәуірін аңсап жүрген адамдар қазақтардың арасында да аз емес. Құлдық сана әлі бар. Тәуелсіз ел екенімізді түсінбей жүр. Бұл – Ресей насихатының ықпалы.
Мысалы, Петр Своик «біз орыс әлемінің бір бөлшегіміз» деп ашық айтып жүр. Оның білімі де, дәрежесі де бар. Қоғамға сөзі өтеді. Ол кеңес дәуірін қатты аңсайды.
Мұндай адамдар тек орыстардың арасында ғана емес, қазақтың да, кәрістің де ішінде бар. Адамдардың 30-40 пайызы сондай түсінікте.
Бір байқағаным, «Қазақстанның солтүстігі – Ресейдің жері» деп ойлайтын адамдар аз. Болса, шекаралық аймақтарда кездесуі ықтимал. Бірақ, әрі кетсе, 3-4 пайыздан аспайды.
Бұл тек Ресейге немесе орыстарға қатысты дүние емес. Талдықорған, Жаркент жақты «Ұлы Шығыс Түркістанның», Сайрам және Түркістанды «өзбектің жері» деп есептейтін адамдар да жоқ емес.
Мұндай сөздерді айтып жүргендер тарихты мүлде білмейді. Мемлекет тарапынан бұған шектеу қойылуы тиіс. Қылмыстық іс қозғап, қатаң жазалау керек. Бірақ тек жазамен шектелмей, идеологиялық жұмыстар жүргізу қажет. Осы тұрғыдан осалдық бар.