17 Сәуір 11:28

Украинада өлтірілген бейбіт тұрғындарға сараптама жасаған – Нүкенованың өліміне қатысты қорытынды шығарған ресейлік сарапшы кім?

Бишімбаевтың соты
Фото: Жоғарғы сот
Кеше өткен сот отырысында Қуандық Бишімбаевтың адвокаттары ресейлік срапшылардың қорытындысын дәлел ретінде сотта оқып берген болатын. 

Астана, NEGE. Сот Қуандық Бишімбаевтың адвокаттары тапсырыс берген ресейлік мамандардың сот-медициналық қорытындысын іске қоспау туралы шешім қабылдады.

Ресейлік мамандардың қорытындысынан шығатыны, олар Нүкенованың өліміне субдуральды гематоманың жарылуы себеп болды деп, аталмыш қылмыстық іс аясында бұрын жүргізілген сараптамалық зерттеулерге қарама-қарсы тұжырымға келген. 

Судья сараптамаларда Қазақстан Республикасының Қылмыстық іс жүргізу кодексінің талаптары бұзылғанын атап өтті. Сонымен қатар сараптама сарапшылардың құзіретінен тыс жасалған. Сарапшы гистология және нейрохирургия маманы болмаса да, сол салаға қатысты қорытынды шығарған. Сол себепті сараптама қорытындысы заңсыз деп танылды. 

Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты қорытынды жасаған ресейлік сарапшылардың бірі – Эдуард Туманов.

Эдуард Туманов
Фото: ғаламтордан

Ол 2022 жылдың сәуірінде ресейлік әскерлерден азат етілген украиналық Бучада түсірілген фотосуреттерді талдап, көшеде айуандықпен өлтірілген бейбіт тұрғындардың фотосуреттерін «қойылым» деген қорытынды шығарған. Оның ойынша, өлген адамдардың мәйіттерін арнайы әкеліп, көшелерге әдейі тастаған. 

Тумановтың бұл мәлімдемесі Ресейдің үгіт-насихат құралына айналды. Олар Бучада Ресей әскерінің қылмыс жасамағанын алға тартты.