5 Сәуір 13:51
...

Украина жеңді!

Фото:

Әміржан Қосан, арнайы «Nege.kz» үшін

Бұл күндері бүкіл қазақ қауымы Украинада боп жатқан соғыстың жай-жапсарынан жан-жақты хабардар. Жедел ақпарат екі тараптан екі түрлі тұрғыдан беріліп жатқанын да көкірегі ояу, көзі ашық ағайын сезеді, біледі.

Мың күн сүргінге пара-пар қырық күн қырғынға қатысты айтарым мынау ғана: бұл соғыста Украина жеңді!

Украина бұл соғыста моральдық тұрғыдан жеңді.

Өйткені, Ресей басқа тәуелсіз мемлекеттің шекарасын бұзып, баса-көктеп кірді, ал Украина болса, өз жерін қорғап, өліспей-беріспей жатыр. Ресей солдаттары «басқыншы» атанып, масқара болса, украин сарбаздары «батыр» екенін әлем мойындауда. Сондықтан да осы күндері украиндық жақтан сөйлеушілердің көзінде от бар, ал ресейлік жақ адвокаттарының жанары өшіп қалғандай: ұрлық жасап қойған адамдай, қуыстанып сөйлейді. Моральдық рухы биік әскер ешқашан жеңілмейді, ерте ме, кеш пе, жеңеді!

Украина бұл соғыста идеологиялық тұрғыдан жеңді.

Өйткені, осы күнге дейін Кремль айтып келген «орыс тілділердің құқын қорғаймыз» деген саяси идеологеманың соғысқа себеп болғанын дәл осы соғыс, ондағы орыс әскерінің адам айтқысыз жаппай жауыздықтары жоққа шығарды. Аспаннан түскен бомба мен мылтықтан атылған оқ өз құрбандарын ұлтына қарап таңдамайды ғой: оларға, украинсың ба, орыссың ба, бәрібір.

Фото: Reuters

Мәселе тілде емес, мәселе өз билігінің мерзімін тағы да ұзартқысы келетін Путиннің жеке басының саяси мүддесінде екеніне путиншілдердің көзі енді жеткендей.

Украина бұл соғыста әскери тұрғыдан жеңді. Путиннің блицкригі (яғни, тұтқиылдан шабуылдап, өте қысқа мерзімде жауды жеңу) ойы жүзеге аспады. Иә, соғыс жүріп жатыр, бірақ өліспей-беріспей жатқан украин жағы мен амалсыздан, командирлердің айдауымен келген, не үшін соғысып жатқанын білмейтін орыс жауынгерлерінің жеңіске деген ұмтылысын салыстырудың өзі қиын. Осы күндері дамыған елдерден заманауи қару-жарақ алып жатқан украин әскері мен ескі-құсқы танктер мен зеңбіректерімен ұрысқа шыққан ресей әскерінің тактикалық мүмкіндігінің айырмашылығын төрткүл дүние біліп қалды. Және де осы фактор соғыстың тағдырына шешуші ықпал ететіні де түсінікті.

Соғыстың жай-жапсары туралы мына факт қосымша ақпарат бергендей: келіссөздердің басы-қасында «сұр кардинал» боп, ресейдің атақты миллиардері Роман Абрамович жүр. Оның Кремльге өте-мөте жақын екенін ескерсек, келісімге келуге алдымен кім мүдделі боп отырғанын жазбай танисыз. Ал сөзсіз жеңіске жететінін білген жақ ондай әрекетке бара бермейді.

Украина бұл соғыста дипломатиялық тұрғыдан жеңді.

Қараңыз, бүгінде Украинаны бәрі де қолдап отыр. БҰҰ-дан бастап барлық дерлік халықаралық ұйымдар Киев жағында (тек Ресейге тәуелді бірнеше ұйым мен мемлекет соғысты айыптауға бата алмауда). Тіпті ресейлік газға қарап қалған елдер де «көгілдір отынсыз» халқының қиналып қалатынын біле тұра, өз позициясын ашық жеткізуде. Әлемдік деңгейде мұндай ауызбіршілік таныту бұрын-соңды бола қоймаған шығар.

Украина бұл соғыста Ресейді экономикалық тұрғыдан жеңді.

Соғысқа байланысты «ұжымдық Батыстың» Ресейге қарсы жариялаған санкцияларының өзі не тұрады?! Өзін өркениетті санайтын әлемдік компаниялардың ел аумағынан үдере көшуі де Ресей экономикасына сойқан соққы боп тиіп, есеңгіретіп тастайтын сықылды. Антибатыстық бағыт ұстанған Ресейдің шынтуайтына келгенде сол Батыс экономикасы мен қаржы жүйесіне тәуелді екені де рас қой.

Фото: РИА Новости

Айтпақшы, шетелдегі өз бизнесі мен қаржысынан айрылған ресейлік олигархтар да бүгінде Путинге ренжулі. Сол себепті, ертеңгі күні Кремльде сарай төңкерісі боп жатса, таң қалудың керегі жоқ болар.

Ол да Украинаның бір жеңісі болар еді.

Украина Ресейді саяси тұрғыдан жеңді.

Соғысты «арнайы әскери операция» деп атауды талап етіп, ақты – ақ, қараны – қара деуге, яғни, боп жатқан сұмдықты «соғыс» деп атауға заң арқылы (!) тыйым салуының өзі – Кремльдің саяси жеңілісі деп санаймын. Өзін демократ санайтын барша дерлік белгілі тұлғалар (саясаткерлер, ғалымдар, жазушылар, өнер қайраткерлері) соғысты айыптап жатуының өзі – Путиннің саясатына оппозициялық көңіл-күйдің белгісі боп саналды да, жалпыұлттық қарсылықты одан сайын үдете түсті.

Украина бұл соғыста өркениеттік тұрғыдан жеңді.

Олай дейтін себебім – шынымен де әр елдің алдында өркениеттік таңдау бар. Ресейдің Украинаға қарсы ашқан соғысы постсоветтік жүйе құндылықтарының құнсыздану процесінің жеделдеуіне алып келді.

Фото: АР

Яғни, басқыншылықтың, басқа тәуелсіз елге өз тілі мен тарихы тұрғысынан орынсыз талап қоюдың, ескіден қалған, империялық пиғылдың түп-тамыры қайда жатқанын көрсетті де, осы аумақтағы елдерді ол ұстанымдардан одан бетер айныта түсті.

Украина бұл соғыста ақпараттық тұрғыдан жеңіске жетті.

Ресейдің икемсіз де ебедейсіз, ресми ұстанымнан аса алмайтын, өтірікті шындықтай соғатын БАҚ жүйесі мен Украинаның заманауи технологиялар мен басқа да мүмкіндіктерді шебер де жедел пайдалана алған кешенді жүйесі ақпарат соғысында кімнің кім екенін ап-анық көрсетті! Және де украиндық БАҚ жүйесі өзін әлемдік деңгейде таныта алды. Бұл да болса, украиндық азаматтық журналистиканың бір жеңісі.

Украина бұл соғыста ұлттық тұрғыдан жеңді.

Ел басына күн туғанда, саяси ұстанымы әртүрлі топтан тұратын қоғам біртұтас күшке айналды. Билікке таласып, бір-бірін сынап жүрген саяси күштер мен жеке тұлғалар Отан үшін, жер үшін атойлап, бір сапқа қатар тұрып, майданға аттанды. Саяси Майдан олардың арасына жік салса, соғыс Майданы олардың бәрін біріктірді.

...Соғыс жүріп жатыр.

Бірақ Украина жеңді. Бұл да XXI ғасырдағы соғыстардың бір ерекшелігі болар..

Тегтер: